KZ
KZ RU
21 маусым 2018 19:59

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Президенті жаңа еурокубок маусымына қатысты пікірін білдірді

21 маусым 2018 19:59

Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб-пәтерінде Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жаңа маусымының алғашқы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Президенті Олжас Абраев шараның қорытындысы бойынша пікірін білдіріп, Қазақстан намысын халықаралық аренада қорғайтын барлық қатысушыларға көрсетілетін Лиганың қолдауы жөнінде айтып берді:

- Біріншіден, футбол жанкүйерлерін жаңа еурокубок маусымының басталуымен құттықтаймын! Әрбір қазақстандық жанкүйер үшін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында біздің команданың қатысуымен өтетін әр ойын нағыз мерекеге айналмақ. Қазақстанның барлық командаларына спорттық талаптарын толықтай жүзеге асыруды тілеймін! Барлығымыз турнирдің әр кезеңін бірге өтіп, отандастарымызға жеңістің қуанышты сезімін сыйлай аламыз!

Жеребе қорытындысына келсек, біздің клубтардың қарсыластары туралы ең маңызды деректі айта кеткен жөн. Футболда нәтиже жасыл алаңдағы ойынға тәуелді. Әр клубқа мықты қарсылас түсті деп санаймын. Барлық қарсыластар өз чемпионаттарының көшбасшысы, жүлдегерлері және маңызды турнирлердің жеңімпаздары. Сол себепті біздің командалар қарсыласты бағалап, халықаралық кездесулерге салмақты қарайды деп сенемін.

Еліміздің кәсіби футбол клубтарының басын біріктіретін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы отандық командалардың халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуына бағытталған жұмыстарды қолға алды. Премьер-лига матчтарындағы қатысушы клубтардың келісімімен еурокубоктың іріктеу кезеңдеріне қатысатын уақытта командаларға ауыртпашылық түсірмеу үшін Чемпионаттың күнтізбесінде бірқатар өзгерістер енгізілді.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының атынан жанкүйерлерден әр ойында біздің клубтарға қолдау көрсетулерін сұраймын. Лық толы стадион футболшыларға күш-қуат береді. Жанкүйерлердің ерекше қолдауы – спорттың табысты құралдарының бірі. Сонымен қатар, трибунаға жиналған барша жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Клубтар мен жанкүйерлер бірігу арқылы Еуропаның басты турнирлеріндегі спорттық сынақтардан сүрінбей өтетініне сенім мол. Бәріміз бірге үлкен жеңістердің куәсі боламыз!