27 наурыз 2018 15:53
Қазақстан клубтарының ойыншылары өз құрамаларының намысын қорғады
27 наурыз 2018 15:53
Өткен аптада ұлттық құрамалардың қатысуымен бірнеше жолдастық кездесулер өткізілді. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы қазақстандық командалардың ойыншылары қатысқан кездесулерге шолу ұсынады.
Венгрия – Қазақстан 2:3
Станимир Стоиловтың еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде алғашқы ойыны ойдағыдай өтті.
Венгрия құрамасында алғашқы минуттардан Ласло Клайнхайслер («Астана») мен Акош Элек («Қайрат») өнер көрсетті. Орталық алаң ойыншылары екінші таймда ауыстырылды.
Қазақстан құрамасының сапында Эрич, Бейсебеков, Малый, Шомко, Постников, Зайнұтдинов, Мұртазаев, Перцух сынды «Астананың» 8 ойыншысы ойнаса, алматылық «Қайраттан» Қуат, Исламхан, Парагульгов, Сүйімбаев және Ахметов өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Ордабасыдан» Хижниченко мен Тұңғышбаев алаңға шықты және де қосалқы құрамнан алаңға «Тобыл» қорғаушысы Дмитрий Мирошниченко қосылған болатын.
Әзірбайжан – Беларусь 0:1
Бұл жолдастық кездесуде қазақстандық клубтардың намысын қорғайтын үш ойыншы өнер көрсетті. «Астананың» белоруссиялық легионерлері Игорь Шитов пен Иван Маевский толық матч өткізді, ал «Ертістің» жартылай қорғаушысы Сергей Кисляк кездесудің 69 минутында ауыстырылды.
Армения – Эстония 0:0
Жолдастық кездесуде Армения құрамасының сапында талдықорғандық «Жетісудің» екі ойыншысы ойнады – Эдгар Малакян және Камо Оганесян. Малакян бір тайм өнер көрсетіп, үзіліс кезінде алаңдағы орнын отандасына босатты, ал Оганесян толық тоқсан минут өткізді.
Грузия – Литва 4:0
Жолдастық кездесуде Грузия құрамасына Литваны жеңуге Қазақстан Премьер-лигасының екі өкілі көмектесті – «Тобыл» намысын қорғайтын Джаба Канкава мен Ника Квеквескири. «Ордабасы» жартылай қорғаушысы Джамбул Джигаури қосалқы құрамда қалды.
Литва ұлттық командасының сапында «Тобылдың» тағы бір ойыншысы Артурас Жулпа ойнады. Тәжірибелі орталық жартылай қорғаушы бірінші тайм ойнап, үзілісте демалуға мүмкіндік алды. Ойын тәжірибесін «Жетісу» футболшысы Мантас Куклиста алды – хавбек екінші таймда өнер көрсетті.
Қырғызстан - Мьянма 5:1
Қырғыз құрамасы 2019 жылғы Азия Кубогы турнирінің іріктеу кезеңінің аясында Мьянма кұрамасына қарсы ойнады. «Атыраудың» қырғызстандық жартылай қорғаушысы Антон Землянухин екі гол соғып және бір ассист жасап, аталған кездесудің үздік ойыншысы атанды.
Коморос – Кения 2:2
«Қайсардың» кениялық өкілі Пол Вере Комороспен болған жолдастық ойында бір тайм ойнады. Кездесудің жеңімпазы анықталмады – 2:2.
Фото ffa.am, m.sputnik-georgia.ru и abff.by сайттарынан
Басқа жаңалықтар