Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының XXIV туры Вахид Масудовтың құрметіне өтеді
Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының XXIV туры Қазақстан құрамасының экс-капитаны Вахид Юнусович Масудовтың құрметіне өтеді.
Масудов Таразда дүниеге келген, жергілікті «Химик», «Хорезм», «Мелиоратор» (Қызылорда), «Қайрат», «Терек» (Грозный), «Достық» (Алматы), «Пройссен-07» (Германия), «Актюбинец» және «Елімай» командаларында ойнаған.
Ойыншы ретінде Бірінші лига командалары арасындағы КСРО біріншілігінің турнирі, КСРО футбол федерациясының Кубогы, Қазақстан чемпионаты (1992, 1995), Қазақстан Кубогының (1992, 1995, 1996-1997) жеңімпазы атанды. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнап, команда капитаны болған.
Ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін Вахид Юнусович ЦСКА-Қайрат (Алматы), «Тараз», «Шахтер», «Қайрат», «Восток», «Ақтөбе», «Жетісу», «Локомотив» (Астана), «Атырау», «Ордабасы», «Астана-1964», ЦСКА (Алматы), «Ақжайық», «Мақтаарал» және «Ақсу» командаларында бапкер ретінде қызмет атқарды. Қазақстан жастар және ұлттық құрамаларын жаттықтырды.
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы маусымның қорытындысы бойынша үздік жартылай қорғаушыға берілетін жүлдеге отандық футболдың аңызы Вахид Масудовтың есімін берген болатын.