KZ
KZ RU
21 наурыз 2019 23:37

Қазақстан құрамасы Шотландияны ірі есеппен жеңді - 3:0!

21 наурыз 2019 23:37

Қазақстан құрамасының футболшылары 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирін ірі жеңіспен бастады.

Қазақстан құрамасы ойынның алтыншы минутында есеп ашып, бірден алға шықты. Жартылай қорғаушы Александр Меркельдің әдемі пасын тағы бір жартылай қорғаушы Юрий Перцух голға айналдырды. Шотландия құрамасының қақпашысы Скотт Бейн қақпасын голдан құтқарып қала алмады – 1:0.
 
Кездесудің оныншы минутында Қазақстан құрамасы екінші голын соқты. Исламбек Қуат қарсыластың айып алаңына керемет пас тастап, Ян Вороговскийдің есепті еселеуіне мүмкіндік жасады – 2:0.
 
Алаң қонақтары Қазақстан құрамасының қорғанысын сол қаптал арқылы бұзуға ұмтылды. Әсіресе, Оливер Берк өте белсенді болды. Алайда, біздің қорғаушылар жүйелі ойнап, Шотландия шабуылын тоқтатты.  
 
Матчтың 28-минутында Исламбек Қуат қарсыластың қақпашысын алыстан тексеріп көрді. Бейн бұл жолы теңбіл допты маңдайшаның астынан алып шықты.
 
Бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды.
 
Екінші тайм бастала салысымен Қазақстан құрамасы тағы да алға ұмтылды. Ойынның 51-минутында сол жақ қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаев тура пас шығарып, Бактиер Зайнутдинов баспен ұрды - 3:0!
 
Кездесудің 55-минутында Қазақстан құрамасының қақпашысы Дмитрий Непогодов қарсыластың жартылай қорғаушысы Стюрат Армстронг жақын маңнан тепкен соққысын қайтарып, шеберлігін көрсетті.
 
Әрі қарай Шотландия футболшылары қапталдар арқылы шабуылдауға әрекет етті. Алайда, Қазақстан құрамасының қорғаушылары қарсыластың ойыншыларын айып алаңына жақындатпады.
 
Екінші таймның ортасына қарай Михал Билек жасыл алаңға Бауыржан Тұрысбекті шығарса, Алекс Маклиш жас футболшы Скотт Мактоминейді ойынға қосты.
 
Ойын 3:0 есебімен аяқталып, Михал Билек шәкірттері ірі жеңіске жетті.
 
Қазақстан - Шотландия - 3:0 (2:0)
Голдар: Юрий Перцух 6, Ян Вороговский 10, Бактиер Зайнутдинов 51
Қазақстан: Дмитрий Непогодов (Қ) - Ян Вороговский, Темірлан Ерланов (Елдос Ахметов 81), Евгений Постников, Сергей Малый, Ғафуржан Сүйімбаев - Исламбек Қуат (К), Юрий Перцух, Александр Меркель - Бактиер Зайнутдинов (Серікжан Мужиков 84), Роман Муртазаев (Бауыржан Тұрысбек 68).
21.03.2019. Астана. «Астана Арена».