Қазақстандық клубтар еурокубоктардағы іріктеу кезеңінің қарсыластарын білді
Қазақстанның қазіргі чемпионы «Астана» футбол клубы Литваның «Жальгирис» клубымен күш сынамақ. Бірінші ойын 12/13 шілде күні Вильнюста, ал қарымта матч 19/20 шілдеде Астанада өтпек.
Қазақстанның намысын Еуропа лигасында қорғайтын клубтарға тоқталсақ, шымкенттік «Ордабасы» бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның «Чукарички» клубымен ойнайды. Бірінші ойын маусымның 30-ы күні Белградта, ал екінші ойын шілденің 7-сі күні Шымкентте өтеді.
«Ақтөбе» футбол клубы осы кезеңде Венгрияның «МТК Будапешт» командасымен өз күшін сынайды. Екі қарсылас бірінші ойынды маусымның 30-ы күні Ақтөбеде, ал жауапты матчты Будапеште өткізеді.
Алматылық «Қайрат» футбол клубы Албанияның «Теута» клубына қарсы матчтарымен Еуропа лигасында өз өнерін бастайды. Алғашқы ойын маусымның 30-ы күні Албанияда, ал қарымта ойын шілденің 7-сі күні Алматыда өтпек.