Қазақтың қарадомалақтары доп тебуді үйренеді
Олимпиада көлеңкесінде қалған сондай бір жағымды жаңалықтардың бірі елімізде балаларға арналған бес футбол орталығының ашылуы болды. Соңғысы Павлодарда отау тігіп, өз жұмысын бастап та кетті.
Биыл қаңтар айының бірінші жартысында «Қазақстан Республикасындағы балалар және жасөспірімдер футболының 2012-2022 жылдар аралығындағы даму бағдарламасы» деп аталатын жаңа жобаның тұсауы кесілген-ді. Еуропаның аяқдобы озық бірнеше елдері мен Германиядағы балалар және жасөспірімдер футболының даму жүйесінің негізінде жасалған бұл жоба бүгінде жүзеге асырылуда. Астанада, Қарағандыда, Таразда және Ақтөбеде футбол орталықтары ашылып, доп тебуге икемді, дарынды балалар білікті мамандардың қол астында аяқдоп өнерінің қыр-сырына қаныға бастаған. Соңғы болып мұндай орталық тамыз айының алғашқы күндері Павлодарда шаңырақ көтерді.
Керекудегі футбол орталығына «Жұлдыз» стадионы беріліпті. Бұл стадионда үш жасанды жасыл алаң бар. Бұл алаңдарда жылдың кез келген мезгілінде футбол ойнай беруге болады. Олардың аудандары әртүрлі. Ең кіші топтағы өрендерге, орта жас мөлшеріндегі жеткіншектерге және үлкен топтағы балаларға арналған. Сондай-ақ теориялық дәріс беруге арналған бөлмелер; киім ауыстыратын орындар; әр бала өз киімін шешіп қоятын шкафтар; ыстық және суық суы ағып тұрған, жуынатын себезгілер бар.
Керекудегі футбол орталығының бәрінен кештеу ашылуының себебі, ел чемпионатының премьер-лигадағы басқа клубтарымен салыстырғанда, «Ертіс» клубының ізбасарлар дайындау жұмыстары ақсаулы екен. Бұл клубтың бес жас шамасындағы жас балалар мен бозбалалардан жасақталған командасы болмаған. Сондықтан бірінші кезекте Керекуге білікті бапкерлер тартып, содан соң жаңа орталықтың тоғыз жас мөлшеріндегі топтарын таланттармен жасақтау үшін біраз уақыт қажет болған. Бұл, әрине, бір күнде жүзеге асырыла салынатын шаруа емес.
Керекудегі футбол орталығына жас таланттарды іріктеп алуда әуелі осы қаладағы спортқа дарынды балалар мектебіндегі (СДЮШОР) үздік футболшы өрендер таңдалып алынған. Содан соң аймақтық «Кока-Кола-Былғары доп» додасында көзге түскен балалар шақыртылған. Футбол орталығына келген талантты балалар бапкерлер сынағынан өтіп, барлық жас шамасындағы топтарды толықтырған. Осылай Керекудегі футбол орталығы толыққанды жұмыс істей бастады. Бір қуанарлығы, Керекудегі футбол орталығына тек осы қалада тұратын жеткіншектер ғана емес, қаланың іргесіндегі бірен-саран ауыл балалары да іліккен. Әрі қазағы аса көп емес солтүстік өңірімізге тақау Керекудегі футбол орталығында қарадомалақтар аз емес секілді.
Жалпы, бес қаламыздағы осындай орталықтардың әр жас мөлшеріндегі топтың өз жаттықтырушысы бар. Олардың бәрі әрбір футбол орталығының техникалық директорына бағынады. Ал бес қаладағы футбол орталықтарының техникалық директорлары Қазақстан футбол федерациясына есеп беріп отырады. Федерацияда олардың жұмыстарын Беларусь маманы Анатолий Юревич қадағалап отырады. Ол осы жобаның басшысы болып табылады. Әрі бес футбол орталығының жұмыстарын үйлестірумен айналысады.
Әр топтағы жаттықтырушылардың жалақысын сол қаладағы кәсіби клуб төлейді (жоғарыда айтқанымыздай, ел чемпионатының премьер-лигасында ойнайтын клубтар). Ал техникалық директордың жалақысын Қазақстан футбол орталығы төлейді. Осы жерде назар аудара кетерлігі, Қазақстан футбол федерациясы «әр топтағы жаттықтырушылардың жалақысы 150 мың теңгеден кем болмасын» деп қатаң талап қойып отыр. Салықты есептемегенде, қолына таза 150 теңге алуы керек екен. Ал балалар футбол орталықтарында тегін оқытылады, ақысыз дәріс алады. Әрі олар футбол киімдерімен қамтамасыз етіледі. Өздері дәріс алатын қаланың клубы түстес киім-кешек киеді («Астана», «Ақтөбе», «Шахтер», «Тараз» және «Ертіс» клубтарының брендтік жейделерін).
Қазақстан футбол федерациясының бұл жобасы – өте маңызды шара. Егер осы бастама тура жоспардағыдай қарқынмен жүзеге асырыла берсе, онда бұл жобаның пайдасы да, нәтижесі де телегей-теңіз болады. Балаларымызды бүлдіршін кездерінен бастап футболға баулу арқылы біз халықаралық аренада да жоғары жетістіктерге қол соза аламыз. Талай таланттың бағын ашып, талай қыранды ұядан ұшырып, ел футболының өркендеуіне ықпал етеміз. Мамандар «бұл жобаның нәтижесі мен жемісін алты-жеті жылдан кейін көре бастаймыз» деген пікірде.
Ендеше, іске сәт, жаңа жоба! Бұл бастаманың өміршең болып, қазақ футболының көсегесін көгертуіне тілектеспіз. Лондон Олимпиадасында төрткіл дүниені тамсандырған Қазақстан спортшылары сияқты футболшыларымыздың да дүниежүзін тәнті қылатын күні алыс емес деп ойлаймыз.
Автор: Нұрғазы САСАЕВ
alashainasy.kz