KZ
KZ RU
23 мамыр 2012 15:36

«Бәйтерек» — Мемлекеттік спорттық жоба

23 мамыр 2012 15:36

Бұл команда туралы жайлы да, жайсыз да материалдар жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, біржақты пікір жоқ. Ерінбегеннің бәрі осы тақырыпты қозғады. Рас, клубтың мемлекет бюджетінен қаржыланатыны көп адамға ұнай бермейді. Ал басқалар команданың елімізге қаншалықты пайда екендігі жөнінде айқайлап жазуда. Дегенмен, аталмыш команда туралы фактілер мен сандарға сүйеніп, әділ, обьективті, жан-жақты саралап көрсек.

Біріншіден, айта кету керек, "Бәйтерек" клубы ҚР Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі агенттіктің бастамасымен құрылған. Команданы аталмыш агенттіктің Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясы қаржыландырады. 26 футболшыны Бразилияда оқытып, доп өнерінің қыр-сырына қанықтырып, сол үшін қаржы бөлген де осы агенттік. Естеріңізге сала кетейік, үш жылда осы жігіттерге 83 миллион теңге жұмсалды. Ал "Бәйтерек" клубының негізгі құрамы осы "бразилиялықтардан" жасақталған.

Айтпақшы, бұл спорттық жоба жақында "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан да қаржыланатын болады. Ал бұл ұлттық қордың еліміздің көптеген спорттық командалары мен спорттық құрамаларына да демеуші екенін жақсы білесіздер. Қысқа қайырғанда, жақтырсаңыз да, жақтырмасаңыз да, жақын уақытта "Бәйтерек" футбол клубы өшпейді, өркендей береді.

Тағы да қайталап өтеміз, "Бәйтеректің" осыншалықты қолдауға ие болуына "ОЛЕ БРАЗИЛ КЛАБ" академиясында түлеп ұшқан жігіттердің осы команданың негізін құрауы себеп болуда. Ол бұдан әрі де қолдауға ие болып, дамығванның үстіне дами береді. Естеріңізге сала кетейін, бұл Елбасымыздың өз қолдаған президенттік жоба. Сондықтан, бұл жерде ешқандай да сұрақ белгісі туындамауы тиіс!

Команда жөнінде айтар болсам, әлбетте инфрақұрылым, менеджмент, жарнама тағы басқа тұрғыда кемшіліктер жоқ емес. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» дегендей клуб дамып жатыр. Барлығын уақыт көрсетіп, бәрін өз орнына қойып береді. Әлбетте, жас басшылық болғаннан кейін кемшіліксіз болмайды. Алайда осының өзі де үлкен мектеп емес пе?!
Бұл жерде клубтың бірінші лиганың басталуына небәрі бір-ақ ай қалғанда ғана құрылғанын естен шығармау керек. Бүгінде Республикалық «Сарыарқа» велотрегінде қоныс тепкен. Ол жақта футболшыларға барлық жағдай жасалған. Команда өзінің ойындары мен жаттығуларын еліміздің керемет стадионы «Астана-Аренада» өткізеді. Футболшылармен де жақсы келісімшарттар жасалған.
Команданың бүгінгі күнгі басты мақсаты – жас ойыншыларды сыннан өткізіп, Қазақстан құрамаларына дайындау болып табылады. Айта кету керек, «ОЛЕ БРАЗИЛ КЛАБ» академиясы түлектерінің жастары бар болғаны 17-18-де болғандықтан дәл қазір олар бірінші лиганың өзге клубтарымен бәсекелесе алмайды. Соған байланысты «Бәйтерек» футбол клубына тәжірибелі ойыншылар да шақырылды. Енді тәжірибелі футболшылар жас інілерін одан әрмен шыңдай түседі.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, «Бәйтерек» футбол клубы Бразилияның «ОЛЕ БРАЗИЛ КЛАБ» академиясында тәлім алып келген футболшылардың біліктілігін жетілдіре түсу үшін құрылған. Естеріңізге тағы бір салып өтейік, 2009 жылы Футбол федерациясының арнайы комиссиясының іріктеуінен кейін Бразилияға 26 жеткіншегіміз аттанған болатын.

2011 жылы олар елге оралған соң сол түлектерді «Астана-1964» клубында шоғырландыру жоспарланған. Дегенмен, 2012 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі агенттіктің шешімімен «Бәйтерек» клубы құрылып, «бразилиялықтар» сонда шоғырланды.

Командада дәл қазір 27 ойыншы бар, оның 15-сі «ОЛЕ БРАЗИЛ КЛАБ» академиясының түлектері. Қалған 12 ойыншы еліміздің әр аймақтарынан шақырылған тәжірибелі ойыншылар. Команданы бразилиялық бапкерлер және Қазақстанның жас жаттықтырушылары жаттықтырады. Солардың бірі — кезінде ұлттық құрама намысын қорғаған, «Ертіс» сапында ойқастаған 42 жастағы Андрей Кучерявых.

«Қалған он ойыншы қайда қалды?» демеңіз. «Бәйтерек» клубының тізіміне енбей қалған олар бүгінде бірінші лиганың басқа клубтарында өнер көрсетеді. Кейбіреуі тіпті Премьер-лигадада ойнайды. Қазақстан жасөспірімдер құрамасына үш футболшы шақырылып жүр.
Орта есеппен алғанда әр ойында «Бәйтерек» сапында 5-6 «бразилиялық» алаңға шығып тұрады. Келесі жылдан бастап әр ойында алаңға шығатын бразилиялықтардың санын сегізге дейін жеткізу жоспарланған. Биылғы жылы Бразилияға тағы 26 жеткіншек аттанғандықтан екі жылдан кейін «Бәйтерек» командасы толығымен академия түлектерінен құралатын болады.

Сондықтан, пікір айтардан бұрын ойланып алайық. Жас «бразилиялықтар» физиологиялық тұрғыда өзгелерге әлі толыққанды бәсекелес бола алмайды. Мұны да түсіну керек. Футбол тарихында 17-18 жасында үлкен футболды жарып шығып, өзін мойындатқандары өте аз. Оның өзінде тек асқан таланттар ғана жұлдыз бола алған.
 
 
P. S.
21 мамыр күні Бірінші лиганың кезекті турында «Бәйтерек» өз алаңында «Ақтөбе-Жас» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірген.

Бұл ойынның алдында «Бәйтеректің» алты «бразилиялық» ойыншысы жарақат алып қалған болатын. Үшеуі жасөспірімдер құрамасына шақырылған. Соның өзінде команда екінші құрамымен өте өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, айқын жеңіске жете алды.
Бес турдан кейін клуб сегіз ұпай иеленді. Бірінші орыннан небәрі екі-ақ бөліп тұр. Дегенмен, ел кубогында 1/16-финалдан аса алмады. Мұның да өз себебі бар. «ЦСКА»-мен болар ойынның алдында команда бірнеше ойыншысынан айрылып, Алматының командасына қарсы екінші құраммен алаңға шығуға мәжбүр болды.
Ойымды қорытындылай келе, кез-келген бастамада кедергілердің болатынын айтқым келеді. Кемшіліктер де болады. Дегенмен, қол қусырып қарап отырған адам ғана қателік жасамайтынын түсіну керек. Жалпы, бұл ойыншылар болашақта «Бәйтеректе» болмаса да, әйтеуір өздерін көпшілікке мойындата алатын болады. Халықаралық аренада да ел намысын абыроймен қорғайтын кездері келері сөзсіз. Сондықтан, халайық, жас ойыншыларға Сіз болып, біз болып, бірге қолдау көрсетейік.

Ардақ Тоғымов,
Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясының баспасөз хатшысы