KZ
KZ RU
21 қараша 2018 10:49

Бабатунде Аденидже: «Өз күшімізге сенеміз»

21 қараша 2018 10:49
23 жастағы африкалық шабуылшы біздің чемпионатта алғашқы маусымын өткізуде. Соған қарамастан өзінің ойынымен мұнайшылардың жанкүйерінің жүрегін жаулап алды. Аденидже биылғы біріншілікте 8 гол соқты. Соның үшеуін «Қайраттың» қақпасына дарытқан.
 
- Жаңа чемпионатқа бой үйрету қиын болды ма? Қазақстан Чемпионатының ерекшелігі неде?
- Мен үшін чемпионатқа бой үйрету қиындау болды. Алайда, табанды жаттығулардың арқасында жаңа чемпионатты жылдам қабылдадым. Қазіргі жағдайым тамаша. Командадағы әріптестерім үнемі көмектеседі. Қазақстан Чемпионатында тартыс тым көп, әлсіз команда жоқ деуге болады.
 
- «Атырау» шешуші сында қалай табысқа жете алады?
- Біздің команданың бірлігі мықты. Өз күшімізге сенеміз. «Атырау» командасына батыл әрі жылдам шешім қабылдау қажет. Соның арқасында алға қойған мақсатты орындай аламыз.
 
- Команданың көңіл-күйі мен оның финалға дайындығы туралы не айта аласыз?
- Команданың көңіл-күйі көтеріңкі. Финалдық ойынның маңыздылығын барлығы жақсы түсінеді. Өйткені, Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік бар.
 
- Өте нәтижелі ойын көрсетіп жүрсіз. Нигерия құрамасы сіздің ойыныңызды бақылайды ма? Құраманың қатарына оралуды көздейсіз бе?

- Нәтижелі ойын жасыл алаңдағы әріптестерімнің көмегіне байланысты. Басты себеп – командалық ойын, яғни бір-бірімізге қол ұшын береміз. Нигерия құрамасының жоспарынан хабарым жоқ. Мен үшін ең бастысы өз жұмысымды мінсіз атқару.