Беранек және классико
9-турда атап өтер матчтар көп болғанымен "Ақтөбе" және "Тобыл" арасындағы кездесу осы турдың орталық ойыны болды. Сондай-ақ, Беранектің бастауымен алаңға шыққан "Астананың" да ойынын көру бір ғанибет еді.
Олег Протасовтың "отставкасынан" кейін "Астана" бас бапкерсіз көп жүрген жоқ. Ел чемпионымен болатын ойынның алдында ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мирослав Беранекпен келісімшартқа отырды. Енді пан Беранек екі қызметті қатар алып жүретін болады. Ал чех маманының дебюті сәтті шықты. Өз алаңынджа "Шахтерді" 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голдың авторы - Михаил Рожков.
Ал байырғы қарсыластар "Ақтөбе" мен "Тобылдың" арасындағы кездесуді жанкүйерлер "қазақстандық классикоға" балап үлгерген. Биыл тұңғыш рет қонақтарды Ақтөбенің Орталық стадионында қабылдаған Владимир Мұқанов шәкірттері 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның басында-ақ белорус қорғаушысы Сергей Концевойдың арқасында гол соғып алған қостанайлықтар жеңісті есепті ойынның соңына дейін ұстап тұра алды.
"Ақтөбеде ойнаған әрдайым қызық. Биылғы маусымда түздегі ойындардың алғашқы жеңісін дәл осы стадионда тойлағанымыз - үлкен қуаныш. Бірақ жеңіс оңай келген жоқ. Екінші таймда қарсыластарымыз бізді қыспаққа алуға тырысты. Алайда біз бұл сынақтан сүрінбей өттік.", - деп "Тобыл" капитаны Нұрбол Жұмасқалиев UEFA.com сайтына сұхбат берді.
Бұған дейін турнирдің көш басында келе жатқан "Ақжайық" Шымкентте сүрінді. Негізі "Ордабасы" өз алаңында оңайлықпен ұпай бермейді. Сондықтан, көшбасшыға қарсы қарқынды ойын өрнегін көрсеткен Виктор Пасулько шәкірттерінің бұл жеңісі заңдылық. Ал матчтағы екі голды да Дәуренбек Тәжімбетов соқты.
"Сұңқар" кезекті рет өз алаңында ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Бұл жолы қаскелеңдіктер "Атыраумен" 0:0 есебімен тең тарқасты. Ал "Қайсар" - "Оқжетпес" арасындағы аутсайдерлер айқасында алаң иелері Градомир Црногорац соққан голдың арқасында жеңіске жетті.
"Жетісу" турнир кестесінде уақыт өткен сайын төмен сырғып барады. Өткен жылы біріншіліктің күміс жүлдесін иеленген талдықорғандықтар бұл турда "Ертістен" 1:2 есебімен жеңілді.
Ал "Қайраттың" Таразға жорығы сәтсіз аяқталды. Алаң иелерінің шабуылшылар дуэті Мирослав Лечич пен Иван Перич өздерінің кезекті голдарын соғып, "Тараз" 2:1 есебімен жеңіске жетті.
UEFA.com