KZ
KZ RU
12 қыркүйек 2024 17:55
ӘЙЕЛДЕР ЛИГАСЫ

«БИІК-Шымкент» QFL Әйелдер лигасында чемпион атанды

12 қыркүйек 2024 17:55
«БИІК-Шымкент» QFL Әйелдер лигасының бірінші маусымында уақытынан бұрын чемпион болды. 17-ші турда шымкенттік футболшылар өз алаңында «Ордабасыны» 2:0 есебімен жеңді. Голдарды Гульнара Габелия мен Светлана Бортникова соқты. 

Осылайша, QFL Әйелдер лигасының аяқталуына 3 тур қалғанда команда 39 ұпай жинап, қарсыластарынан қара үзіп кетті. Калоян Петковтың шәкірттері елімізде тағы да үздік екенін дәлелдеп, 13 матчта басым түсті. Одан бөлек, шымкенттіктер 54 гол соқты.

Айта кетейік, «БИІК-Шымкент» бұған дейін QFL Әйелдер кубогында да топ жарып еді. Қазіргі сәтте клубтың еншісінде 27 кубок бар. Солардың ішінде 12 мәрте Қазақстан чемпионы мен 13 мәрте Қазақстан кубогының иегері атағы да бар. QFL Әйелдер лигасының чемпионы енді 2025 жылы әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады.

Qazaqstan Football League «БИІК-Шымкент» әйелдер футбол клубын чемпиондығымен құттықтап, табыс тілейді!