KZ
KZ RU
31 қазан 2020 22:16

Бірінші лига клубтары арасындағы Біріншілік аяқталды

31 қазан 2020 22:16

31 қазан күні 2020 жылғы маусымның Бірінші лига клубтары арасындағы Біріншіліктің соңғы турының ойындары өтті.

Өтіп жатқан маусымда Біріншілікке қатысатын 14 клуб екі конференцияға бөлінген болатын.

1-ші конференцияның жеңімпазы болып «Ақтөбе» футбол клубы атанды. Ақтөбелік команда 29 ұпай жинады, голдар айырмасы 23-4.

Аталмыш конференцияның үздік сұрмергені болып екі ойыншы атанды — олар «Арыс» командасының африкалық шабуылшысы Чисом Стенли Нкоби және «Қыран» командасының жартылай қорғаушысы Жақып Қожамберді. Қос ойыншы маусым қорытындысы бойынша 6 голдан соқты.

2-ші конференцияның жеңімпазы — «Атырау» командасы. Атыраулықтар 27 ұпай жинады. Голдар айырмасы 21-11.

Бұл конференцияның үздік сұрмерген атағын оралдық «Ақжайық» командасының шабуылшысы Олег Хромцов жеңіп алды. Тәжірибелі Хромцов 14 турда қанжығасын 9 рет майлады.  

«Ақтөбе» және «Атырау» футбол клубатарына маусым қорытындысы бойынша алтын медальдар табысталады. Сонымен қатар қос ұжым 2021 жылғы маусымда Қазақстан Чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы жанкүйерлерді және Бірінші лига клубтары арасындағы Біріншіліктің барлық клубтарын маусымның аяқталуымен құттықтайды.