Бірінші лиганың мамыр айындағы үздік ойыншысы анықталды
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) дәстүр бойынша айдың соңында Бірінші лига командалары арасындағы Біріншіліктің үздік ойыншысын анықтау мақсатымен сауалнама өткізді.
Жаңа маусымнан бастап бұл сауалнамаға бас бапкерлер ғана емес, бірінші лига командаларының капитандары да қатысады.
Үздіктерді анықтау барысында сауалнамаға қатысушы өзінің үш ойыншыдан тұратын тізімін атады. Алған орынға байланысты ойыншыларға ұпайлар берілді: 1 орын үшін – 3 ұпай, 2 орын үшін – 2 ұпай, 3 үшінші орын үшін – 1 ұпай. Барлық ұпайларды қосу арқасында қорытынды шығарылды.
Мамыр айының үздігі болып «Оқжетпес» командасының шабуылшысы Жасұлан Молдақараев атанды. Тәжірибелі ойыншы 25 ұпай жинады.
Сауалнама қорытындысы бойынша екінші орынға «Ақсу» командасының шабуылшысы Мирас Тұрлыбек ие болды, ол 14 ұпай жинады. Үшінші орынды 8 ұпай жинап, «Қыран» командасының ойыншысы Данабек Қуанышбай иеленді.