KZ
KZ RU
31 мамыр 2018 10:42

Бірінші лиганың оныншы турының үздіктер құрамасы

31 мамыр 2018 10:42

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Бірінші лига командалары арасында Қазақстан Республикасының Біріншілігінің оныншы турының үздіктер құрамасын назарларыңызға ұсынады:

Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.

Үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:

Қақпашы: Шыңғыс Таңатқанов, «Байқоңыр».

«Қайрат А» футболшылары өз алаңында «Байқоңыр» командасын жеңу үшін бар күштерін салды. Алайда, Шыңғыс Таңатқанов олардың гол соғуына мүмкіндік бермеді. Қарсыластың қақпаға бағытталған төрт тура соққысын қайтарды. Ойын индексі – 227.

Сол жақ қорғаушы: Сағадат Тұрсынбай, «Тараз».

«Жетісу Б» командасын жеңген ойында Сағадат Тұрсынбай қорғаныста сауатты ойнап, командаластарының шабуылын қолдап отырды. Оның пасынан кейін кездесудегі соңғы гол соғылды – 3:1. Ойын индексі – 262.

Орталық қорғаушылар: Вячеслав Лебединский, «Мақтаарал»; Әлібек Қасым, «Қайрат А».

«Каспиймен» өткен кездесуде Вячеслав Лебединский қорғаныста сенімді ойнап, нәтижелі пас шығарды. Пастарының дәлдігі – 93 пайыз. Ойын индексі – 245.

«Қайрат А» командасы «Байқоңырға» есе жіберді. Дегенмен, қорғаушы Әлібек Қасым керемет ойнады. Әуедегі доқа 14 рет таласып, 13 рет жеңіске жетті. Қарсыласынан допты 15 рет тартып алып, қараусыз қалған пасты 15 рет қағып әкетті. 20 жастағы қорғаушының ойын индексі – 224.

Оң жақ қорғаушы: Антон Куксин, «Оқжетпес».

Антон Куксин қорғаныста өте мінсіз ойнады. Шабуылда командасына жиі қолдау көрсетіп отырды. 16 рет допқа таласта жеңіске жетіп, қарсыласын жеті рет бірге бір шығып, алдап өтті. Ойын индексі – 269.

Орталық жартылай қорғаушылар: Владимир Вяткин, «Алтай»; Бекзат Бейсенов «Тараз».

Теміртауда белсенді ойнаған Владимир Вяткин «Алтайдың» екі голын ұйымдастырды. Сонымен қатар, ол қарсластың добын бес рет тартып алып, тоғыз рет қараусыз қалған допты иемденіп кетті. Ойын индексі – 249.

Өткен турда Бекзат Бейсенов ерекше мергендік мүмкіндігімен көзге түсті. Ол қақпаға голды дарытып қоймай, әріптестерімен пас алмасуда жүз пайыз көрсеткішке ие болды. Ойын индексі – 246.

Сол жақ жартылай қорғаушы: Тимур Байжанов, «Тараз».

Тараздың қарсыласы үшін басты мәселе Тимур Байжановтың ойыны болды. Ол «Жетісу» қақпасына гол соқпады, алайда есеп ашылған сәтте нәтижелі пас шығарды. Ойында бар қырын көрсетіп, қарсыластарын 10 рет алдап өтті. Ойын индексі – 260.

Оң жақ жартылай қорғаушы: Роман Павинич, «Мақтаарал».

«Мақтааралдың» ойыны Роман Павиничтің әрекетіне тәуелді. «Каспиймен» өткен кездесуде ол екі рет мергендік танытып, нәтижелі пастың авторы атанды. Роман Павинич турдағы ең жоғары көрсеткішке ие болды. Ойын индексі – 322.

Шабуылшылар: Санат Жұмаханов, «Оқжетпес»; Асқар Абутов, «Мақтаарал».

Санат Жұмаханов дәстүр бойынша көкшетаулықтардың шабуылының ұйымдастырушы болды. Ол екі рет сәтті дриблинг қолданып, керемет гол соқты. Ойын индексі – 238.

Асқар Абутов шабуыл шебіндегі әріптестерімен жақсы түсінісіп ойнады. Ақтаулықтардың қақпасын жиі мазалады. Оның кезекті екі голы «Мақтааралдың» тағы бір ірі жеңіске жетуіне көмектесті. Ойын индексі – 260.