KZ
KZ RU
23 мамыр 2024 11:04
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

Біз жанкүйер үшін ойнаймыз – «Ұлытау» ФК бас бапкері Марат Еслямов

23 мамыр 2024 11:04

2022 жылдың соңында елімізде «Ұлытау» футбол клубы құрылды. 2023 жылы олар Екінші лиганың «Солтүстік-Шығыс» конференциясында топ жарып, 1XBET QFL Бірінші лигасына жолдама алды. 7 турдың қорытындысы бойынша «Ұлытау» турнир кестесінің 8-ші сатысында тұр. Кей сарапшылар бұл команданы фавориттердің қатарына да қосады. Осы орайда клубтың бас бапкері Марат Еслямов QFL.KZ сайтына сұхбат берді.

 

- Марат Жолдасұлы, өткен жылы «Ұлытау» Екінші лигада 19 мәрте қарсыласынан басым түскен еді. Осы жылы 1XBET QFL Бірінші лигасында 7 ойынның төртеуінде жеңіске жеттіңіздер. Бұл турнирлердің арасында қаншалықты айырмашылық бар?

- Біздің конференциямызда 11 команда болды. 20 матч өткізіп, 19-ында жеңіске жетті. Бірінші лигаға шығу үшін, «Ұлытау», SD Family және «Алтай» ұжымдары талас жүргізді. Екінші лигада көбінесе Бірінші лиганың қосалқы ойыншылары, жергілікті мектеп тәрбиеленушілері және үш команда да ғана тәжірибелі және үлкен футболшылар доп тепті. Лиганың айырмашылығы жер мен көктей. 1XBET QFL Бірінші лигасы тәжірибелі футболшылардан жасақталса, Екінші лигада футбол орталығының түлектері, жастар және болашағы бар футболшылар ойнайды.

 

- Сіз бұған дейін «Ақсу» мен «Қайсарды» Премьер-лигаға алып шықтыңыз. «Ұлытаудың» алдында да сондай мақсат тұр ма? Мақсатқа жету үшін не қажет?

- Менің жұмысымдағы маңыздысы – ойымыз бір жерден шығатын ұжым жинау. Әркім қандай мақсат пен міндет тұрғанын түсінгенін қалаймын. Бұл алға қойған мақсатымызға жетуге көмектеседі.

 

- Жаңа облыста жаңа клубтың құрылғаны жанкүйерлерге қаншалықты әсер етті? Былтырғымен салыстырғанда айырмашылық бар ма?

- Басты мақсатымыз – үлкен футболды облыс орталығы Жезқазған қаласына әкелу болды. Осы орайда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлына бізге деген сеніміне, футбол клубы мен бас демеушіміз «Қазақмыс корпорациясы» мен Kazakhmys Barlau компаниясын қолдағаны үшін рақметімді айтқым келеді. Әр матч сайын жанкүйердің саны артып келеді. Бұл бізді қуантады. Себебі, біз жанкүйер үшін ойнаймыз.

 

- «Ұлытау» сапында Жасұлан Молдақараев, Бауыржан Тұрысбек т.б секілді танымал футболшылар бар. Жалпы мықты ойыншыларды өз қатарына қосу қаншалықты қиын?

- Алдына үлкен мақсат қоятын командалардың сапында Жасұлан Молдақараев, Бауыржан Тұрысбек, Аслан Рафкат, Мирам Сапанов және т.б тәжірибелі футболшылар болуы керек деп санаймын. Бұндай ойыншылар – командаға басымдық береді, алаңда және жаттығу бөлмесінде тәртіпті қалыптастырады.

 

- 1ХВЕТ QFL Бірінші лигада легионерсіз ойнау өзгерісі енгізілгені бәсекелестікті арттырып жатыр деп ойлайсыз ба?

- Иә. Осы жылы турнирдегі жаңа регламент бойынша Бірінші лигада легионерлер мен Еуразиялық Экономикалық Одағы сапындағы футболшылар ойнамайды. Осы шешімнің арқасында көп клубтардың деңгейі теңесті, отандық футболшылардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берілді. Бұл ойыншылар мен бапкерлер үшін де үлкен тәжірибе.

 

Айта кетейік, «Ұлытау» ФК келесі ойынын бүгін сағат 17:00-де Жезқазғанның «Металлург» стадионында өткізеді. Олар 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 8-ші турында «Қайрат Жастар» командасын қабылдайды.