"Coca-Cola - Былғары Доп" додасының финалы
Турнирге 2001-02 жылғы жеткіншектер арасында өз аймақтарында жеңімпаз атанған командалар қатысты.
Жүлделі орындарды Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана мен Семей қалаларының командалары сарапқа салды. Он күндік додадан кейін Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты "Ағадыр" бекетінің №25 мектебі мен Алматы облысы Талдықорған қаласының №12 мектебі финалға шықты.
Финалдық ойын өте тартысты өтті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, матч соңындағы пенальти сериясында қарағандылық жеткіншектер 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Үшінші орын Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектептің оқушыларына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Семей қаласының әкімі, әрі Семей қалалық футбол федерациясының президенті Айбек Қарымов пен ҚФФ Балалар және жасөспірімдер бөлімінің жетекші маманы Игорь Утробин марапаттады.
"Coca-Cola" компаниясы, ҚФФ, "Спартак" футбол клубы және Семей қалалық футбол федерациясының өкілдерінен құралған әділ-қазылар турнирдің үздіктерін анықтады.
- Үздік қақпашы - Икрамхан Қалабаев (№7 ОМ. Атырау)
- Үздік қорғаушы - Әлихан Жұмабеков (№12 ОМ. Талдықорған)
- Үздік жартылай қорғаушы - Абзал Майданов (№12 ОМ. Талдықорған)
- Үздік шабуылшы - Никита Симонов (№39 ОМ. Шымкент)
Көрермендер көзайымы, үздік шабуылшы, үздік ойыншы және Руслан Балтиевтің атындағы арнайы жүлдені жеңімпаз команданың намысын қорғаған Вячеслав Швырев жеңіп алды.
Бұдан бөлек, "Adidas group" компаниясы турнир жүлдегерлерін 15 000 теңге, 10 000 теңге, 7 000 теңге бонустық сыйлықтармен марапаттады. Яғни, жүлдегерлер осы суммаға "Adidas group" компаниясының Қазақстандағы дүкендерінен қалағандарын ала алады.
""Coca-Cola - Былғары Доп" додасының финалдық кезеңін Семей қаласында өткізуге ұсыныс жасағанда қуана қабыл алған едік, - деді Семей қаласының әкімі, Семей футбол федерациясының президенті Айбек Қарымов. — Матчтар өте тартысты Барлығы да жеңіске жігерліктерін көрсетті. Бұл жеткіншектер болашақта ел футболының көшбасшылары боларына сенімім мол".
Қарағанды облысы Шет ауданы "Ағадыр" бекетіндегі №25 орта мектептің бас бапкері Досан Қуанышбековтың айтуынша, турир өте жоғары деңгейде өткен. "Осындай мәртебелі турнирде жеңімпаз атанып, өзіңді чемпион ретінде сезінген қандай керемет. Жазғы демалыс кезінде балаларды көшедегі бұзақылықтарға жолатпай, осындай ойындар кезінде бас қосқан бір жағынан өте жақсы. Осындай турнирлер арқылы біз балалардың дарынын одан әрмен шыңдаймыз. Басқа қалалардағы құрдастарымен етене араластыруға жол ашамыз. Додаға қатысушылар атынан "Coca-Cola - Былғары Доп" додасының ұйымдастырушыларына, "Coca-Cola" компаниясына, Қазақстан футбол федерациясына, ҚР білім және ғылым министрлігіне, әсіресе Семей қалалық футбол федерациясына зор алғыс білдіреміз", - деп ағынан жарылды Досан Қуанышбеков.
Фото - Ғазиз Аужанов