KZ
KZ RU
30 қараша 2012 16:01

Дәулет Тұрлыханов: "Қазақстан намысын берік ұстаңдар!

30 қараша 2012 16:01

 

Қазақстан футболы жайындағы өз ойымен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, грек-рим күресінен Еуропа, Азия, әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, футболды жан-тәнімен сүйіп, жанашыр болып жүрген тұлға Дәулет Тұрлыханов бөлісті.
 
- Дәулет Болатұлы, үстіміздегі жылы Қазақстан ұлттық құрамасы әлем біріншілігігінің іріктеу додасында төрт ойын өткізіп, әзірге бір-ақ ұпай жинады. Ұлттық құрамамыздың осы кездесулердегі ойын өрнегіне қандай баға бересіз?
- Мәуелі ағаш жемісін бірден бермейді. Дегенмен, ұлттық құрамамыздың ойын өрнегінің жақсарып келе жатқаны айқын байқалып тұр. Соңғы жылдары біздің футболшылар еуропаша ойнай бастады. Венадағы Аустрияға қарсы өткен ойыннан кейін кейбір қызуқанды жарандарымыз БАҚ беттерінде футболшыларды қайта жерден алып, жерге салды. Ал бұл жеңілістің сыры мынада: Жарақат пен дисквалификацияға байланысты негізгі құрамның 6 ойыншысы алаңға шыға алмай, екінші құрамымыз Аустрияға қарсы қауқар көрсете алмады. Ал жігіттеріміздің кез-келген қарсыласпен терезесі тең ойнай алатынын 12 қазанда "Астана-Арена" стадионында көзіміз жетті. Жалпы айтар болсам, әр ойын сайын ұлттық құрамамыздың ойыны жақсарып келеді. Бірақ әзірге ойын тағдырын шеше алатындай шебер ойыншылар жетіспей тұр. Дегенмен, өзім куә болған соңғы ойындарды алар болсам, әр кездесу өткен сайын жерлестеріміздің шеберліктері артып келе жатқанын байқайсың. Жігерліктеріне де, намысқойлықтарына да мін таға алмайсың. Футболшыларымыздың қай ағаттықтарын айтуға болады? Бұл тұрғыда Ирландиямен болған ойынды алайық. Соңғы 5 минуттықта тізгінді қолымыздан шығарып алдық. Ал оған дейін қарсыласымызға еш мүмкіндік бермей, гол соғатын бірнеше мүмкіндігіміз болды. Алайда, соңғы бес минут оған дейінге кереметтілігіміздің барлығын жоққа шығарды. Мен Швецияға қарсы өткізген ойынымыздың да куәсі болдымү Скандинавтарға өз ойын өрнектерін көрсетулеріне еш мүмкіндік берген жоқпыз. Тіпті, Златан Ибрагимовичтің де жолын жиі кестік. Матч соңындағы баспасөз мәслихатында да шведтердің бас бапкері біздің жанкештілігімізді атап өткен болатын. Дегенмен, тек осындай кездесулер кезінде ғана шеберлігіміздің шыңдалатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің жігіттер жақсы ойнап келеді. Мен ұлттық құрамаға сенемін.
 
- Спортшыларымыздың Лондон Олимпиадасындағы жетістігінен кейін жанкүйерлер футболшыларымыздан да бір кереметті күтетіні жасырын емес...
- Бокс, грек-рим күресі, ауыр атлетика сынды спорт түрлеріне қарағанда футбол Қазақстанда ешқашан ірі жетістіктерге жетпеген. Мәселен, Кеңес одағы кезінде КСРО-ның жоғарғы лигасында Қазақстан намысын тек "Қайрат" қана қорғады. Оның өзінде, ешқашан біріншіліктің жүлдегері атанып, немесе кубокты иеленбеген. 90 жылдары да футболымыз кемеліне шыға алған жоқ. Меніңше, соңғы бес жылда ғана ел футболында оң өзгеріс көп болды. Мен бұл тұрғыда ұлттық құрамамызды да, клубтық командаларымызды да мысалға алып тұрмын. ҚФФ-тың бүгінгі басшылары футболдағы келісілген ойындармен де нәтижелі күрес жүргізді. Жемқорлықты да жоюға барынша күш салуда. Бұл ерен еңбек өз жемісін бере бастағына да көз жеткізіп жүрміз. Қазақстандық командалар еурокубоктық додаларда сәттін ойнай бастағаны соның айғағы болса керек. "Шахтер", "Астана", "Ақтөбе", "Ертіс" сынды ұжымдардың шеберліктері уақыт санап өсіп келеді. Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер футболы да жылдам қарқынмен дамуда. ҚФФ бүгінге дейін аймақтардан бірнеше футбол орталықтарын ашып тастады. Біздің жанкүйерлерге тек шыдамдылық керек. Егер ҚФФ басшыларына өз жобаларын соңына дейін жеткізуге мүмкіндік берсек, онда жетістіктеріміз де көбейе бермек.
 
- Алайда ұлттық құрамамыздың ойыны кейде ҚФФ-тың барлық еңбектерін жоққа шығарады. Қарапайым жанкүйер федерацияның еңбегін бас команданың ойынына қарап бағалайтыны рас...
- Менің кәсіби спортта жүргенім кеше ғана емес. Спорттың қыр-сырын жақсы білемін. Федерацияның еңбегіне, жалпы футболымыздың дамуына ұлттық құрамамыздың ойынына қарап баға беруге болмайды. Команданың ойынына бапкерлер кеңесі жауап береді. Ұлттық құрамамыз қандай нітиже көрсетсе де бапкерлер жауапты. Бас командамыз нәтиже көрсете алмай жатса, бапкерлер кеңесінен жауап алыңыздар. Ал федерация футболдың барлық бағытын бағдарлап, қадағалап, дамытып отырады. Яғни, бұқаралық футбол, балалар-жасөспірімдер футболы, клубтық футбол бәрі-бәрін федерация бақылап, дамуын назарында ұстап, алға қарай бастырады. Мәселен, Венгрия мен Финляндияны алайықшы. Бұл құрамалардың Әлем және Еуропа біріншіліктеріне соңғы рет қашан қатысқандары есіңізде ме? Иә, менің де есімде жоқ. Ал, біле білсеңіз, бұл құрамалардың іріктеу додаларына қатысып жүргендеріне 80 жылдан асты. Ал Қазақстан ше? УЕФА-ға мүше болғанына енді ғана 10 жыл болды. Жап-жас Қазақстан футболынан не сұрайсыз? Бірден жеңіс талап етуіміз орынды ма? Елімізде Қазақстан футбол федерациясымен тең қойып, мысалға келтіруге болатын федерациялар көп емес. ҚФФ әрдайым әлемдік жаңалықтарды өзімізге енгізіп, дамытуда.
 
- Соңғы кездері ҚФФ басшыларын сынаушылар көбейіп кетті. Сын садағына вице-президенттер, тіпті президенті Әділбек Жақсыбеков те ілігуде. Сын айтушылардың пікірлерімен келісесіз бе?
- Оппозициялық және кейбір электрондық БАҚ-тағы ҚФФ басшыларына айтылған сындар мүлдем орынсыз. Тіпті, кір келтіруге тырысып, бүлдіргісі келетін адамдардың пікірлері дер едім. Бұл орынсыз сындар ұлттық құрамамыздың өнегелі ойын өрнегін көрсетуіне кедергі. Бұл сыншысымақтар ел футболын кері тартып, аяқдобымыздың дамуын тежейді. Мен Қазақстан футбол федерациясының басшыларының барлығымен таныспын. Бүгіннің өзінде Әділбек Жақсыбеков Қазақстан футболы үшін көп жақсылық жасады. Әлі де қолынан келгенін жасай беретініне сенімдімін. Бірінші вице-президент Саян Хамитжанов керемет спорттық функционер. Спорттық құрылымдардағы тәжірибесі мол. Үш вице-президенті бар. Бәрі де бұрын керемет футболшы болып, отандық футболды дамыту үшін еңбек еткен. Елімізде Қазақстан футболын түсінетін Сейілдә Байшақовтан асқан біреу бар ма? Бәлкім, біз Сейілдә ағаның КСРО құрамына шақырту ала алған жалғыз қазақстандық футболшы екенін ұмытып кеткен шығармыз? Михаил Гурман ел біріншілігінің деңгейін жоғары дәрежеге көтерді. Соның нәтижесінде, жаңадан құрылған Кәсіпқой футбол лигасына төраға болып сайланды. Гурманды елімізде білмейтін жан жоқ десе де болады. Виктор Катков - әскери тәртіптегі адам. бапкерлер арасында беделі зор. Кезінде балалар-жасөспірімдер футболын жоғары дәрежеге көтерген. Айтыңызшы, ел футболын көтере алатын бұл мамандардан артық кім бар?
 
- 2013 жыл – Қазақстан футболының жүз жылдығы. Қазақстан футболының отаны — Семей. Ал сіз осы өңірдің тумасысыз...
- Қазақстан футболының бастауы Семей екенін мақтан тұтамын. Жүз жыл бұрын Семейдің "Ярыш" командасында Мұхтар Әуезовтың ойнағаны мен үшін зор мақтаныш. Осыған байланысты, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта 100 футбол алаңын салу туралы бағдарламаны бекітті. Бұл шығыстың ғана емес, күллі Қазақстанның инфрақұрылымының дамуына үлес болады.
 
- Дәулет Болатұлы, Қазақстан ұлттық құрамасының футболшыларына жаңа жыл қарсаңында қандай тілек білдірер едіңіз?
- Жігіттер білсін, сезінсін, біз әрдайым оларға тілектеспіз. Олар қандай нәтиже көрсетпесін, біз спортшыларымызды жақсы көреміз. Өйткені, олар Қазақстан футболшылары. Дегенмен, әрдайым алға жылжу керек. Сол кезде жеңіс те болады. Футболшыларымыздың жасыл алаңда да Қазақстан патриоттары болуларына тілектеспін. Мен Қазақстан футболының болашағына сенемін.
 
Зилим Сайдеров,