07 маусым 2013 10:30
Дмитрий Шомко: «Нағыз тартыстар екінші айналымда күтіп тұр»
07 маусым 2013 10:30
Бүгінде Павлодардың "Ертісінде" өнер көрсететін Шомко КФЛ сайтына арнайы сұхбат беріп, ел футболы жайлы өз ойымен аз-кем бөліскен еді.
- Дмитрий, "Ертіс" бірінші айналымды аса сәтті өткізді деуге келмейді. Сіздіңше өрнекті ойын үлгісін көрсетуге не кедергі болды?
- Көптеген ойындарда тізгін біздің қолымызда болды. Үш ұпайдан алып отыруымыз керек еді, болмашы жерден ұпайлар жоғалтып жаттық. Тіпті кейде сәттілік те жетіспей жатты. Егер мүмкіндіктерімізді мүлт жібермегенде қазір турнир кестесінің төрінен орын алар едік.
- Соңғы кездері өзбекстандық легионер Ұлықбек Бақаевтың "Ертістен" кететіндігі туралы әңгіме жиі айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, үздік сұрмергендеріңіз шынымен де командадан кете ме?
- Командада қала ма, жоқ па, ол өзінің шаруасы. Неде болса, өзі шешеді. Әзірге ешнәрсе белгісіз.
- Әлбетте, клубтың футболшыларға берешек болып қалғаны ешкімге де құпия емес шығар. Қазір жаңдай түзелді ме?
- Біріншіден, клуб маған ешнәрсе қарыз емес. Жалақымды уақытылы алып отырамын. Бұл үшін де бір жағынан басшылыққа алғысым зор. Рас, легионерлерге аздап қарыз болып қалған. Бірақ қазір бұл мәселе де реттелген болар. Мәселе клубқа емес, демеушілерге тіреліп тұрған. Бәрі ойдағыдай реттеліп, алдағы уақытта қайталанбайды деген үміттемін.
- Осындай проблемадан кейін клубтан кеткіңіз келген жоқ па?
- Жо-оқ, маған Павлодарда ұнайды. Өз жерім, өз үйім ғой. Жақын, туған-туыстарымның барлығы осында. Сүйікті келіншегім мен кішкентай бөпем де осы жақта. Сондықтан, командадан кету жайлы мүлдем ойлаған емеспін.
- Премьер-лиганың 11-турында "Ертіс" пен "Қайраттың" кездескені есіңізде болар. Осы ойынның футболсүйер қауымның арасында үлкен дүрбелең тудырғанын да білетін шығарсыз. Төрешілер "Қайратты" қысып, алматылықтарды әдейі жеңілдірді деген сынды әңгімелер тарады. Қалай ойлайсыз, төрешілер шынымен де "Қайраттың" жеңілісіне сеп болды ма?
- Мен бұл ойынға қатысқан жоқпын. Матчты трибунадан тамашаладым. "Қайрат" тәп-тәуір ойнады. Дегенмен, ойынды стадионнан немесе "ҚФФ-ТВ"-дан көрген көрермендер болса, менімен келісер. Төрешілерде бұра тартушылық болған жоқ. Төрешінің біздің қақпамызға пенальти белгілеп алып, артынан өз шешімінен айнығанын меңзеп отырсыз ғой. Ол жерде ешқандай да пенальти болған жоқ. Қорғаушымыз допқа таза ойнады. Қайта бас төрешінің қапталдағы көмекшісімен ақылдасып, дұрыс шешім қабылдағаны жақсы болды. Әйтпесе, нағыз әділетсіздік сонда болар еді. Жалпы, "Қайраттың" Қазақстандағы төрешілік жайлы жылаңқы дабырлары, шынын айтсам, бәрінің де зығырданын қайната бастады. Одан да өз мықтылықтарын жасыл алаңда дәлелдесін. Ал өз тарапымнан айтарым, Қазақстанда төрешілік жыл өткен сайын жақсарып келеді.
- Өткен жылы "Ертіс" ел біріншілігінің күмісін жеңіп алған. Қалай ойлайсыз, сол жетістікті қайталау үшін нендей шаралар қолдану керек?
- Әр кездесу сайын ойын өрнегіміз жақсарып келеді. Түздегі ойындарымызды түзеу керек. Әйтпесе, жасыратыны жоқ сырт алаңдағы матчтарымызда жиі ұпай жоғалтып жүрміз. Оның үстіне, бізге қарсы кездесуге барлық команда барынша дайындалады. Жалпы, қалай болған күнде де әрбір кездесуде алаңда бар өнерімізді көрсетуге тырысамыз.
Басқа жаңалықтар