Доп ойнаған тозады деп кім айтты?!
Осы сөздерді естіп жүргенімізге бір-екі жылдай болып қалды. «Апырым-ай, ол кім болды екен, ә?» деп, сырттай таңғалатынбыз. Ол адамды бір көріп, тілдескіміз келетін. Жақында соның сәті түсті. Қазақстан футбол федерациясы мұнымызды қабыл алып әрі демеп, Шымкентке де барып келдік. Осы істі қолына алып, жүзеге асырып жатқан шағын және орта бизнестің өкілі Бауыржан Әбдубайытов екен.
Әу баста өзі достарымен әуесқой футбол командасын құрып, қысы-жазы доп тебумен айналысқан екен. Бірақ сапалы жасыл алаңда футбол ойнау мүмкін болмаған деуге де болады. Осы бір проблема үнемі алдарынан көлденең шығып отырған. Сол кездері жақсы алаң салып алар ма еді деген арман оты жылтылдап, ойынан шықпаған. Ақыры сол арманның жетегінде жүріп, үнемі футбол ойнау үшін сапалы жасыл алаң салып алған. Онысы елге ұнап, сол жерде Қазақстандағы футбол клубтары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүдделі болған. Сондықтан бастаған ісін одан әрі жетілдіре түспесе болмасын біліп, қазіргі заман талабына сай «Биік» футбол орталығын салуға кіріскен екен. Бүгінде «Биік» футбол орталығында 10 жасыл желекті алаң, тренажерлік зал, 100 адамға арналған қонақүй, асхана, сауықтыру орталығы, спорттық зал, футболшылар киім ауыстыратын бөлмелер, кеңсе бөлмелері пайдалануға беріліп, үздіксіз қызмет етуде. 160 адамға арналған қонақүй, электронды табло, 3 мың көрерменге арналған трибуна және басқа да инфрақұрылымдық жүйелер салынып жатыр. Алды бітуге айналған.
Бауыржан Тойшыбекұлы ең алғаш облыс әкімдігінен футбол алаңын салуға рұқсат сұрап барғанда, ондағылар таңғалыпты. Әлбетте, пайда тапқысы келген кәсіпкерлер сауда орталығы немесе базар, казино немесе АЗС, мейрамхана немесе кафе салуға ынталы болмай ма?! Әкімдік мұндай тосын ұсынысқа таңдана қарап, батасын берген.
Кейіннен Бауыржан Тойшыбекұлы футбол орталығын салуға қаланың шетінен ауқымды жер телімін алғанда Шымкенттегі бизнесмендер оған үрпие қараған. Көбі «айналайын-ау, соншама жерге бәленбай базар, 20 шақты мейрамхана салуға болады ғой» деп есептей жөнелген. Ал Бауыржан Тойшыбекұлының көздегені бірден пайда табу емес секілді. Тыңнан түлен тартып, ел футболын дамытуға өз үлесін қосу сияқты. Қалай десек те, елде жоқ осындай істі қолға алғанына, осы саладағы мамандардың жүрекжарды пікірлеріне көңілі толып, содан рухани ләззат алатындай.
Футболды жай ғана алданыш үшін емес, пайда табу үшін де емес, шын көңілімен құлай сүйетіндей. Бауыржан Тойшыбекұлының жанындағы адамдардың бірі:
– Бұл кісі футболды шынымен сүйеді. Кейде шаруа барысымен алыс жолға сапарға шығып кетеді. Қайтып келе жатып телефон шалады «бүгін жаттығу ғой, футбол ойнаймыз ғой» деп. Біз «алыс жолдан келе жатқан жоқсыз ба, машинамен шапқылап жүргеніңізге бір жарым тәулік болыпты, жол соғып, шаршаған боларсыз, жаттығуды ертеңге қалдырайық» десек, «жо-жоқ, жаттығуды шегеруге, кейін қалдыруға болмайды, футбол ойнайық» деп, бірден алаңға келеді. Қысы-жазы доп теуіп, футбол ойнайды, бір сәтке де қол үзбейді, – деп Баукеңнің футболға деген махаббатына сүйсінетінін білдірді.
Бауыржан Тойшыбекұлымен болған сұхбатымыз алдағы күндері жарық көрер. Әзірше назарларыңызға Баукеңнің футбол орталығының сырт көрінісін ұсынып отырмыз.
Нұрғазы Жаппарұлы,
Алматы – Шымкент – Алматы