ДШП-ның 6 наурыз күні шығарған шешіміне байланысты түсініктеме
Газинур Алимов, Дауларды шешу палатасының төрағасы:
— Тіркелім науқанының басында Премьер лиганың үш клубы («Атырау», «Ақжайық», «Жетісу») өздерінің футболшыларының алдында үлкен берешектері болғандықтан трансферлік кезеңде бұл командаларға жаңа футболшыларды тіркеуге тиым салынған. Тек "Ақжайық" футбол клубында ғана сең қозғалғандай болды да, олар өздерінің футболшыларына, қызметкерлеріне берешектерінің біразын қайтарды. Одан кейін "Ақжайық" басшылығы футболшылары және бапкерлерімен келісіп, қалған қарыздарын 2013 жылдың 15 сәуіріне дейін қайтаратын болып шешті. "Атырау" мен "Жетісу" футбол клубтары тарапынан бұл тұрғыда ешқандай да әрекеттер жасалмады. Сондықтан, бұл клубтарға трансферлік тиым жазалары жалғаса береді. Сондай-ақ, бұл клубтар 2013 жылдың 26 наурызына дейін берешектерін қайтарып үлгерулері тиіс. Егер оң өзгеріс болмаса, ДШП бұл командалардың турнир кестесіндегі ұпайларын шегеру туралы шешім қабылдайтын болады. Ал ол да нәтижесін бермесе, онда Дауларды шешу палатасы бұл командаларды ел біріншілігінен шығарып тастау туралы шешім қабылдауға мәжбүр болады.
Михаил Гурман, КФЛ төрағасы:
— Бұл шешімдер Кәсіпқой футбол лигасының саяси бағытын айқындап береді. Яғни, әр клубқа бірдей көзқарас, бірдей жағдай жасау. "Ақжайық" футбол клубының басшылығы бұл жағдайды дер кезінде түсініп, тиісті әрекеттер жасады. Сондықтан, бұл клубтан трансферлік тиымды алып тастадық. Олар футболшылары мен бапкерлеріне берешектерінің біразын қайтарып, қалғанын кейінірек өтеу жайлы келісімге келді. Демек, "Ақжайық" жаңа футболшыларды командаға тіркей алады. Енді ел біріншілігінің қарсаңында екі клубтың ғана проблемасы бар — "Атырау" мен "Жетісу". Бұл клубтардың футболшыларына, бапкерлері мен қызметкерлеріне берешектері көп. Сондықтан, соның барлығын өтемей, біз олардан трансферлік тиымды алмаймыз. Дегенмен, жақын арада аталмыш клубтардың басшылықтары бұл жағдайды дұрыс шешіп, маусымға жаңа ойыншыларды тіркеп, ел чемпионатына толыққанды дайындалады деп үміттенеміз.