Екінші айналымның екінші туры
Чемпиондар лишасының финалына бергісіз ойындарды ҚФФ-ТВ ұсынады. Ал екі кездесуді отандық телеарналар тікелей эфирден көрсетеді. Ал егер командаңыз ойынын өз алаңында өткізсе, онда сізде матчты стадионнан тамашалау мүмкіндігі бар.
Турдың орталық кездесуі Керекуде өтпек. Жергілікті "Ертіс" ел чемпионы "Шахтерді" қабылдайды. Жасыратыны жоқ, екі команда да биылғы біріншілікті ала-құла өткізіп жүр. Үшінші және төртінші орындар бұлар күткен көрсеткіш емес. Сондықтан, екі команда да жеңіс үшін барын салатындықтары түсінікті. Оның үстіне, көрермендер көп гол күтеді. Өйткені, екі ұжымның бірінші айналымдағы өзара кездесуінде үш гол соғылған.
Елордада жергілікті "Астана" мен Шымкенттің "Ордабасы" клубы шеберлік байқасады. Шынын айтақнда, екі команданың көңіл күйлері екі бөлек. Турнир кестесінде "Астана" жайлы орынға орналасқан. Өткен турда "Астана" ойынын түзде өткізіп, "Қайраттың" қарқынын басқан. Ал "Ордабасы" өз ойынын әлі таба алмай жүр. Шымкенттік команда мұның алдында аутсайдер "Жетісудан" өз жерінде жеңіліс тапты. Ал бас бапкері Виктор Пасулько сәтсіздіктерінің сырын шеше алмай дал. Бәлкім бүгін "Ордабасының" жолы болар?
Футболсүйер қауымды Атырауда да тартысты кездесу күтіп тұр. Мұнайлы қалаға "Қайрат" қонақ болады. Шыны керек, алаң иелерінің жағдайы мәз емес. Миодраг Радулович шәкірттерінің біразы жарақат алып қалған. Дегенмен, екі команда да бүгін үш ұпай алуға тырысатын болады.
"Тараздың" жанкүйерлерін қуанта алмай жүргеніне біраз болды. Сәтсіз ойындары жиілеп кетті. Бірақ осы жолы өз алаңында бар өнерін көрсетуге әлеуеттері жетеді. Бірінші айналымда "Тобыл" мен "Тараз" Қостанайда кездесіп, тең ойнаған. Сол кезде "тараздықтардың" Диакате мен Лечич соққан қос голына қостанайлықтардан Джолшиев пен Тонев тура соққылармен жауап берген.
Талдықорғанда ойынын бір ізге түсіре алмай жүрген "Жетісу" Өскеменнің "Востогын" қабылдайды. Айтпақшы, байқап жүрген боларсыздар, "Восток" кейінгі кездері қорғаныстан гөрі шабуылға жиірек көңіл бөліп жүр. Бүгін "Жетісуға" қарсы қандай тактика қолданар екен?
Ал Ақтөбеде батыс дербиінің куәсі боламыз. Алаң иелері өз алаңында қателік кешірмейді. Кез-келген команданың сағын сындыратын ұжым. Дегенмен, қонақтар сапында ел біріншілігінің үздік сұрмергені Игорь Зеньковичтің өнер көрсететінін ескерсек, "Ақжайықтың" да қарап қалмасы анық.
Осылай, құрметті футболсүйер қауым! Еуропаның футбол маусымы мәресіне жетті. Енді ел футболын да тамашалайық. Нағыз тартысты ойындар өз елімізде өтіп жатыр.