KZ
KZ RU
02 мамыр 2013 14:22

Ел кубогының 1/8-финалы.

02 мамыр 2013 14:22

 

Кездесулер өте қызықты өтіп, әр ойын тартыспен жалғасты. Мерекеге қарамастан саябақтарға емес, стадионға келген көрермендер футболшылардың өнерлерінен ләззат алды деп ойлаймыз.
 
Ең нәтижелі ойын Затобольскте өтті. Алматының ЦСКА-сын қабылдаған "Тобыл" қонақтардың қорғанысынан түк қалдырмай, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Менсур Куртиши хет-трик авторы атанса, тағы бір легионер Огнен Красич дубльмен көзге түсті. Ал ЦСКА сапынан екі голды да Бинали Изатов соқты.
 
Ал "Ақтөбеге" жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бірінші лиганың "Қыран" командасымен кездескен "Ақтөбе" шымкенттік команданы тек бір гол айырмашылығымен ғана жеңді. Онда да жалғыз голды "ақтөбеліктер" "Қыран" қақпасына голды пенальти арқылы соқты. Голдың авторы - Сергей Лисенков.
 

Қаскелеңдегі кездесу де тартысты өтті. Алматының маңында өткен ойында жергілікті "Сұңқар" Оралдың "Ақжайығын" қабылдаған. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз тек пенальти сериясында ғана анықталды. Негізгі уақытта оралдық Игорь Зеньковичтің голына еліміздің ең дарынды жас шабуылшыларының бірі Антон Гавриленко тура соққымен жауап берді. Ал пенальти сериясында қонақтар 5:4 есебімен басым түсті.

"Тараз" өз алаңында Теміртаудың "Болат АМТ" клубын қабылдап, Сергей Шафф пен Тити Эссомба соққан голдардың арқасында 2:0 есебімен жеңіске жетті. Дәл осындай есеппен Керекуде жергілікті "Ертіс" Қызылорданың "Қайсарын" қапы қалдырды.

Шымкенттің "Ордабасы" клубы енді-енді өз ойынын тауып келе жатқан секілді. Команда тізгінін Виктор Пасулько ұстағалы бері команда қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы шымкенттіктер Ақтаудың "Каспий" клубын ойсырата жеңді. Алаң иелері қалауынша гол соққан бұл ойын 5:1 есебімен жеңіске жетті.

 Енді бүгін Теміртауда Қазақстан кубогы 1/8-финалдың соңғы текетіресі өтеді. Қарағандының "Шахтері" Алматының "Қайратын" қабылдайды. Екі команда да қазір нағыз бабында. Оның үстіне, кубок әргімге де керек-ақ. Өйткені, чемпионатта мақсат орындалмаса, еурододаға кубок арқылы ғана жетуге болатынын бәрі біледі.
 
Сонымен, Дәуренбек Тәжімбетов Любомир Михаликке қарсы, Жамбыл Көкеев Йосип Кнежевичке қарсы, Мақсат Байжанов Момоду Сисейге қарсы. Қалай десек те бізді өте қызықты, әрі тартысты кездесудің күтіп тұрғаны анық. Ең бастысы, керемет тактиктер Виктор Кумыков пен Владимир Вайсстың текетіресіне куә боламыз. Ойын бүгін, яғни мамырдың 2-сі күні сағат 17:30-да басталады. Кездесуді тікелей эфирде ҚФФ-ТВ сайты ұсынады. Матч комментаторы — Александр Стрельников.
 
      Құрметті футболсүйер қауым, керемет ойынды жіберіп алмаңыздар! Ширек финалға "Шахтер" шыға ма, әлде "Қайрат" па? Жауабын бүгін білетін боламыз!
 
 
Сәкен Спанов, Арнайы КФЛ сайты үшін