KZ
KZ RU
01 сәуір 2024 17:04
ӘЙЕЛДЕР ЛИГАСЫ

Елімізде бірінші рет Әйелдер лигасы басталады

01 сәуір 2024 17:04
Qazaqstan Football League-сы осы жылы QFL Әйелдер лигасы мен QFL Әйелдер кубогы атты қос турнирді іске қосады. Жарысқа еліміздің 4 өңірінен «БИІК-Шымкент», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Томирис-Тұран» клубтары қатысады. Футбол додасының жеребе тарту рәсімі 2 сәуір күні Астана қаласында түскі 15:00-де (тікелей эфирді QFL.KZ сайты, QFL TV YouTube арнасы және Q Football телеарнасынан көре аласыздар) өтеді.

Айта кетейік, кейінгі жылдары әлемде әйелдер футболының дамуына ерекше назар аударылып келеді. Еуропаның өзінде әйелдер футболын 144 млн жанкүйер тамашаласа, 2033 жылы олардың саны 328 млн-ға дейін артады деп жоспарланған. QFL үшін осындай деңгейдегі турнирді ұйымдастыру осы саланың дамуы үшін маңызды элемент ретінде саналады. Себебі, бүгінгі таңда халықаралық федерацияларда бірде-бір коммерциялық немесе футбол науқанын әйелдер футболынсыз елестету мүмкін емес.

QFL Әйелдер кубогының бірінші бәсекесі 1-9 мамыр күндері аралығында Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінде өтеді. Турнир айналымдық жүйеде ұйымдастырылып, әр команда 4 матчтан ойнайды. Кездесуде тең есеп қарастырылмаған. Егер ойынның негізгі уақытында есеп тең болса, жеңімпаз бірден пенальти сериясы арқылы анықталады. Сондай-ақ, ұпай 4 деңгей бойынша беріледі. Негізгі уақыттағы жеңімпаз – 3 ұпай, пенальтидегі жеңімпаз – 2 ұпай, пенальтиде есе жіберген клуб – 1 ұпай, негізгі уақытта жол берген команда – 0 ұпай.

Ал QFL Әйелдер лигасы 17 мамыр - 4 қазан күндері аралығына жоспарланған. Лига 4 айналым бойынша Шымкент, Түркістан, Ақтөбе және Көкшетау қалаларында өтеді. Турнирлердің барлық ойындарын Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайты тікелей эфирде ұсынады.