Эльхан Астановқа А.Ионкин атындағы жүлде табысталды
2021 жылғы маусымнан бастап маусымның үздік жас футболшысына арналған жүлдеге атақты қазақстандық шабуылшы Анатолий Ионкиннің аты берілді.
Анатолий Михайлович шабуылшы ретінде туған жерінің «Уралец», «Спартак» (Семей) және «Қайрат» командаларында ойнаған. КСРО біріншілігінің жоғарғы лигасында 70 ойын өткізіп, 25 гол соқты, 1 лигада - 70 ойын, 39 гол. КСРО спорт шебері болып табылады.
Ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін «Жезқазған», «Уралец» футбол клубтарында және «Кайнур» шағын футбол клубында бапкер болып жұмыс істеді. Ұлттық, Олимпиадалық және жастар құрама командаларын ірі халықаралық жарыстарға дайындауға көмектесті. Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкерінің қызметін атқарды. Қазақстан футбол федерациясында ұзақ уақыт жұмыс істеді, 2001 жылдан бастап, 2009 жылға дейін ҚФФ Вице-президентінің қызметін атқарды. Анатолий Михайловичтің ойыншылық мансабы отандық футболдың өсіп келе жатқан ұрпағы үшін үлгі болып табылады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Анатолий Ионкин атындағы жүлдені «Ордабасы» жартылай қорғаушысы Эльхан Астанов жеңіп алды. Эльханды үздік ретінде Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатына қатысушы клубтардың капитандары, бапкерлері мен басшылары таңдады.
Аталмыш жүлдені Эльхан OLIMPBET-Чемпионаты «Ордабасы» - «Ақжайық» ойынының алдында Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Самат Смақовтың қолынан алды.
- Ең алдымен құттықтаулар мен қолдаулар үшін рахмет айтамын! Мен үшін бұл марапатты алу үлкен мәртебе, ал бұл сыйлықты Самат Қәбірұлы Смаковтың қолынан алу екі есе жағымды. Мен өз командама алғыс айтқым келеді, бұл марапатқа ие болуым әріптестерімнің арқасы, - деді Эльхан Астанов.