KZ
KZ RU
07 маусым 2024 12:16
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Ермұхамед Мәулен: чемпиондық атақ кімге бұйыратынын дәл қазір дөп басып айту қиын

07 маусым 2024 12:16

Футболдан OLIMPBET QFL Премьер-лига клубтары ұлттық құраманың ойындарына байланысты 15 маусымға дейін үзіліске кетті. Осы орайда отандық танымал комментатор, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен ел чемпионатына байланысты QFL.KZ сайтына өз ойымен бөлісті.


- Ермұхамед мырза, OLIMPBET QFL Премьер-лиганың биылғы маусымы қызу жүріп жатыр. Турнир кестесінде әр тур сайын үнемі көшбасшы ауысып жатыр. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

- Әр апта сайын OLIMPBET QFL Премьер-лиганың орталық матчтарын қалдырмай көруге тырысамын. Ал қалған кездесулердің бейнешолуын міндетті түрде қараймын. Жалпы Премьер-лигада күштері шамалас 5 клуб бар. Ал турнир қоңыр күзге дейін созылатындықтан, сәттілік жолдас болған, жеңіске көп жеткен, шыдамдылық танытқан ұжымның бірі чемпион атанады.


- Чемпион атануға қай клубтың мүмкіндігі көп?

- Менің ойымша, «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» клубтары ТОП-3 орынды бөліп алатын секілді. Чемпиондық атақ кімге бұйыратынын дәл қазір дөп басып айту қиын. «Қайрат» клубы бапкерлерін ауыстыра беретіндіктен, тұрақтылық болмай тұр. «Астананың» ойыны нашарлап, жолдары болмай жатыр. Бірақ алдағы уақытта қайта тұрақталады деп ойлаймын.


- Сізді қай клубтың ойыны таңғалдыруда? Көзге түскен футболшы, бапкерлерді айта аласыз ба?

- Қазір Талдықорғанның «Жетісу» командасын айтар едім. Қайрат Нұрдәулетовтың шәкірттерінің аяқ-алысы жаман емес. Легионерлердің арасында отандық маманның көзге түсуі бізді де қуантады. Жасай берсін, Жұмабекұлы!


- Ұзақ жылдық комментаторлық тәжірибеңіз бар. Биылғы ел чемпионатындағы қандай өзгерістерді байқай алдыңыз?

- Легионерлерге байланысты шектеудің алынуы командалардың күшеюіне ықпал етті. Оңай команда жоқ. Тіпті көш соңындағы «Шахтердің» өзі сырт алаңда «Қайратқа» екі гол соқты, «Астананы» жеңіп кетті. Түркістанның «Тұран» ұжымы да ойын бойынша ешкімнен қалыспайды. Иә, бірге-бір шығып, қақпа саңылауын таба алмады. Бірақ мүмкіндіктерін тиімді қолдана алмай жүргені болмаса, осал деуге келмейді. Осы шетелдіктерге қатысты өзгеріс чемпионаттағы бәсекелестікті арттырып, стадионға жанкүйерлердің көптеп келуіне әсер етті.


- Жылда «Ақтөбе», «Ордабасы» стадионында жанкүйерлердің қарасы көп болушы еді. Биыл бұл тізімге «Елімай» қосылды. Бұл отандық футболға деген қызығушылық артып жатыр дегенді білдіре ме?

- Тек қана «Елімай» емес, «Қайраттың» кездесулерінде де жанкүйерлер көп. OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Тараз» - «Ордабасы» матчын алаңнан 6 200 адам тамашалады. «Атырау» - «Ордабасы» ойынына 6 500 көрермен жиналып, кейбірі маған стадионға сыймай жатырмыз деп жазды. Міне бұл да өзге өңірлер қалыс қалып жатқан жоқ дегенді білдіреді. Бұның барлығы - қазақ футболының өсіп жатқандығы. Тұрғындардың футболға деген қызығушылығы артуының арқасында жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жаңа стадион салу жайлы мәселені көтеріп жатырмыз.


- Биылғы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лига ойындарынан бөлек, 1XBET QFL Бірінші лига, QFL Екінші лига, 1XBET QFL Лига кубогы, QFL Әйелдер лигасының  ойындарын да отандық телеарналар тікелей эфирде толыққанды көрсетіп жатыр. Бұл комментаторларға жақсы мүмкіндік пе? Кейінгі жас буындардың арасынан комментаторлыққа қызығатындардың қарасы көп пе?

- Әрине, Бірінші және Екінші лига деген комментаторлар үшін зор мүмкіндік. Қазіргі сәттегі комментаторларды да білемін. Оның ішінде Бексұлтан Кеулімқосты ерекше айтар едім. Тек жүргізіп қана қоймай, ойыншыларды да таниды. Жас буындардың арасында да қызығушылық танытатындар бар. Оның көпшілігі – «Реал» мен «Барселонаның» құрамын жатқа біліп, біз де комментатор боламыз деп ойлайды ғой. Ал шынайы комментатор Бірінші және Екінші лигадан бастауы қажет. Егер ол міндетті атқара алса, онда жақсы маман ретінде қалыптасуына мүмкіндігі жоғары.


- Биыл 1XBET QFL Лига кубогы атты турнир іске қосылды. Бұндай жарыс отандық футбол үшін қаншалықты маңызды?

- 1XBET QFL Лига кубогы – отандық футбол үшін өте маңызды. Өйткені жастарымыз, қазақстандық ойыншылар осы турнирдің арқасында көптеп тәжірибе жинауда. Тартысқа толы. Тіпті 1XBET QFL Бірінші лиганың «Каспий» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лиганың ұжымын жеңіп кетті. Әр жеңіске ақшалай сыйақы да беріледі. Барлық қызықтар әлі алда.