KZ
KZ RU
24 мамыр 2013 20:58

Евгений Аверченко: «Жетісу» сияқты жеңімпаз рухты команда турнир кестесінің төменгі сатысында тұрмауы керек»

24 мамыр 2013 20:58
- Жеңіске жеттік, сөз жоқ. Дегенмен, мойындауымыз керек, ойын тең дәрежеде өтті. Әлбетте, "Ордабасының" қаншалықты әлеуетті екенін білетінбіз. Өте мықты команда. Шымкенттен жеңіспен оралу былай тұрсын, ұпай алып қайтудың өзі қиын. Өйткені, олардың футболшылары да тәжірибелі, жанкүйерлері де жанкешті. Өз командасын соңына дейін қолдайды. Алайда, бар күшімізді салып, жинақылық танытып, ауадай қажет болған үш ұпайды қоржынымызға салдық.
 
- "Жетісудың" бірінші айналымдағы ойындарына қандай баға бересіз?
- Көңілім толмады. Ойдағыдай ойын өрнектерін көрсете алмадық. Оның да себептері бар. қаржыдан қағажу көріп келдік. Бұл ешкімге де құпия емес. Сондықтан, басқаның уайымымен ойынымыз жүрмеді. Дегенмен, жақында "Жетісудың" президенті ауысты да, жалақы және сыйақыдан үміт пайда болды. Барлығы жақсы аяқталатынына сенгіміз келеді. "Жетісудың" әлеуеті зор. Кез-келген команданы жеңе алады. Яғни, турнир кестесінің төменгі сатысы бізге лайық орын емес. Мықты ұжым екеніміз анық. Сенбесеңіздер шымкенттік жанкүйерлерден сұраңыздар (күліп).
 
- Егер құпия болмаса, сіз және әріптестеріңіздің жалақы алмағандарыңызға қанша болды?
- Әркімнің жағдайы әрқалай. Әркімнің өз қайғысы бар. Біреулердің жалақы алмағанына екі ай болды. Біреулер үш ай бойы айлық көрген жоқ. Төрт ай бойы, тіпті одан көп уақыт ақша алмағандар да бар.
 
- Жазғы трансферлік маусым жақындап келеді. "Жетісудан" кететін ойыңыз жоқ па?
- Бұл туралы мүлдем ойланбаппын. Мен кәсіпқой футболшымын. Әзірге "Жетісудың" ойыншысымын. Сондықтан, бар ойым қазіргі командамда. Көмектесу үшін барымды саламаны. Ал алда не боларын, алдағы тағдырым көрсетеді.
 
- Бірінші айналымда Премьер-лиганың қай командасының ойынын ұнаттыңыз?
- Меніңше, дәл қазір Премьер-лиганың барлық командасының әлеуеті бірдей. Кез келгені бір-бірін жеңіп кете алады. Қайсысы аутсайдер, қайсысы фаворит екенін айыру қиын. Қазақстан біріншілігінің деңгейі өсіп кеткен. Бірақ шынын айтсам, маған "Астатаның" ойыны ұнады. Әдемі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Беранектің біліктілігінен ғой бұл. Өте мықты бапкер.
 
- "Жетісудың" ел біріншілігіндегі келесі қарсыласы — "Восток". Өскемендіктерді жеңе аласыздар ма?
- Жеңіс үшін алаңға шығамыз ғой енді. Оның үстіне, өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында өнер көрсетеміз. Ал ойынның қалай аяқталарын сол кезде көреміз. Бірақ "Восток" та осал қарсылас емес. Өте тартысты ойын күтемін
 
- Қандай да қиындықтарға қарамастан "Жетісудың" жарқыг күндері жақын екеніне сенетін жанкүйерлеріңізге не айтасыз?
- Жанкүйерлерге рахмет! Қиын-қыстау кезеңде бізбен бірге болды. Жеңіліп қалсақ та, жағдайымызға түсіністікпен қарады. Өз кезегімізде жанкүйерлерімізді қуанту үшін біз де қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Әлбетте, әлі-ақ алдымыздан жарқын күндер шығады. Тек кішкене шыдау керек. Қаржы қиындығы сағымызды сындыра алмайды. Біз мұны талай рет дәлелдедік. Сондықтан, алдағы ойындар кезінде де жанкүйерлердің қолдауларын күтеміз.
 
Сәкен Спанов, арнайы КФЛ сайты үшін