KZ
KZ RU
28 мамыр 2013 22:18

Евгений Лёвин: «Бұл жеңіс "Ордабасының" рухын көтерді»

28 мамыр 2013 22:18
- Өте ауыр ойын болды. Оның үстіне, "Астана" ұлттық құрамамыздың іргетасын қалаған команда. Соған сәйкес құрамы да өте қарымды. Оларда да, бізде де гол соғатын мүмкіндіктер болды. Бірақ біз мүлт кетпедік. Бірінші таймда гол соғып алғанымыз қандай жақсы болған. Өйткені, үзілістен кейін алаң иелері одан бетер күшейіп кетті. Төтеп беру оңай болған жоқ. Ал соңғы минуттарда жеңісті ұстап қалу керек болғандықтан, допты әйтеуір, алға қарай тебе бердік. Мұхтар Мұхтаровтың алаңнан қуылғаны жағдайымызды тіптен қиындатып жіберді. Алайда, бәрі біз үшін сәтті аяқталды.
 
- Қалай ойлайсыз Мұхтаровқа қызыл қағаздың көрсетілуі орынды болды ма?
- Мен сол маңда болғанмын. Бәрін көрдім. Мұхтаровтың қарсыласты құлату жайлы ойы да болған жоқ. Допқа ойнады. Қарапайым ойын сәті ғой. Дегенмен, төреші бәрін шешеді. Сондықтан, төрешінің шешіміне мойынсұнған дұрыс.
 
- Ойын соңына қарай екі команда өте дөрекі ойнады
- Бұл — футбол, ерлердің ойыны. Рас, соңына қарай, кейбір ойыншылардың жүйкелері сыр беріп, дөрекілікке жол беріп жатты. Қарсылас қарқынын күшейткеннен кейін ереже бұзуға да тура келіп жатты. Бірақ мұның барлығы қалыпты жағдай.
 
- Екінші таймда "Ордабасы" тек қарымта шабуылдарға иек артумен болды. Бұл бас бапкердің тапсырмасы ма, әлде "Астана" басқа мүмкіндік бермеді ме?
- "Қорғанысқа жантайып жатып алу" туралы тапсырма болған жоқ. Керісінше, Виктор Васильевич бар күшті жинап, шабуылға ден қою туралы тапсырма берді. Дегенмен, есепті ұстап қалу үшін қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге тура келді. "Астана" өте шебер команда. Еліміздің үздік ойыншыларының көбі осы клубта ойнайды.
 
- Бұл жеңіс команданың ішкі көңіл-күйіне әсер ете алды ма?
Әлбетте. Мұндай жеңістер команданың рухын көтереді. Бұған дейін біз екі кездесу қатарынан сәтсіздікке ұшырағанбыз. Сәтсіздіктер сериясын абыроймен өткергенімізге қуаныштымыз. Оның үстіне, анау-мынау емес, еліміздің ең үздік командаларының бірін жеңдік. Осы жеңістен кейін "Ордабасының" рухы көтеріліп, үздіктер қатарынан көрінуге үміт пайда болды.
 
- Осы маусымда есіңізде ең жақсы сақталған қандай кездесу болды?
- Бұл маусым біз үшін тым сәтсіз басталды. Жанкүйерлер күткен ойынды көрсете алмай әбігерге түсіп жүрдік. Қазір ақырындап ойынымыз түзеліп келеді. Әзірге биылғы жылдың ең керемет кездесуі осы матч.
 
- Жазғы трансферлік кезең жақындап келеді. Қалай ойлайсыз, "Ордабасыда" қай қапталды күшейту керек?
- Бұл сұрақты бас бапкерге бағыттаған дұрыс болар. Ең бастысы командаға келген ойыншылар пайда әкелсе болғаны. Менің жұмысым, жаттығуларда бар өнерімді көрсетіп, ресми ойындарда жеңіске талпыну.
 
- Келесі турда "Ордабасы" "Атырауды" қабылдайды...
- «Атырау» бұған дейінгі турла өз ойынын өте керемет өткізіп, "Қайраттың" қарқынына матч соңына дейін төтеп бере алды. Тек соңғы минутта ғана қақпаларына гол жіберіп алды. Жалпы, 13-тур өте қызықты, әрі тартысты болды деп ойлаймын. Мәселен, "Тобыл" түзде "Тараздан" жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Ал "Атырауға" қарсы ойында барымызды саламыз. Өз алаңымызда бізге тек жеңіс керек.

 

Сәкен Спанов, Арнайы КФЛ сайты үшін