KZ
KZ RU
11 тамыз 2015 22:47

Федор Щербаченко: «Мен командамның үнемі шабуылда ойнағанын қалаймын»

11 тамыз 2015 22:47
Бүгін «Қайсар» футбол клубының ойыншылары мен жаттықтырушылар алқасын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев қабылдап, жаңа бас бапкердің алдына жаңа міндеттер жүктеді және алдағы ойындарға сәттілік тіледі. Ал қабылдаудан кейін Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев пен жаңа бас бапкердің қатысуымен журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті.

- Шыны керек, былтырғы жеңістерден желпінген біздер бүгінде көңіліміз құлазып отыр. «Қайсар» қазіргі таңда турнир кестесінің төменгі сатысында келеді, - деп бастады баспасөз мәслихатын Садық Шоңмұрынұлы. – Дегенмен, осылай болып қалды екен деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Тығырықтан шығатын жолдарды қарастыру қажет. Осы орайда біз көптеген мамандардың арасынан Федор Анатольевич Щербаченконы таңдап отырмыз. Бұл жаттықтырушыны футболдың жанында жүрген азаматтар жақсы біледі. Білікті маман. Биылдыққа Премьер-лигадан ұшып кетпеу міндеті қойылып отыр. Жаңа ғана облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев та команданы қабылдап, өзінің міндеттерін жүктеді. Алдағы уақытта да өзінің қолдауын аямайтынын жеткізді. Енді осы айдың 15-і күні сағат 18:00-де бас бапкерді алғашқы сынақ күтіп тұр. «Қайсар» Орталық стадионда «Таразды» қабылдайды. Енді Федор Анатольевичтің жұмысына жеміс тілейміз және оған сенім артамыз.
 
Облыстық Дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысынан кейін сөз кезегі Федор Щербаченкоға беріліп, бас бапкер өзінің жоспарларымен бөлісті.
 
- Жағдайымыз қазір мәз емес. Алдағы баспасөз мәслихаттары позитивті өтеді деп үміттенемін. Ол үшін әлбетте, команда ел чемпионатында сәтті ойнауы тиіс. Иә, әр жаттықтырушының өз мәнері бар. Соған орай командасына ойыншылар таңдауға тырысады. Трансферлік терезенің жабылып қалғанына байланысты бүгінде қолда барды пайдалануға тырысамыз. Бұрын басқаша футбол ойнап үйреніп қалған футболшылар бірінші күндері менің талабыма үйренісе алмай жүргендері рас. Бірақ алдағы ойында-ақ ойын мәнеріміз өзгеріп, өзім ұстанатын басқаша ойын мәнері пайда болады деп үміттенемін. Рас, «Тараз» - қарымды команда. Биылғы маусымда тәп-тәуір ойнады. 15 тамыз күнгі ойын бізге оңай болмасы анық. Соған қарамастан, өзіміздің билігімізді жүргізугі тырысамыз.
 
- «Қайсарды» жаттықтыру шешімі қаншалықты қиын болды?

- Қазақстан футболынан хабарым бар. Ұсыныс түскен кезде барлық жағдайды мұқият ойластырып, мың ойланып, жүз толғандым. Облыс басшылығының футболға деген көзқарасы оң екенін біліп, өз пікіріммен ұштасқандықтан ұсынысты қабыл алдым. Келісімсөздер барысында мен үшін ең негізгісі – басшылықтың қолдауы еді.
 
- Келісімшарт қанша уақытқа жарамды?
 
- Әзірге осы маусымның соңына дейін. Одан кейінгісі команданың көрсеткішіне байланысты болмақ.
 
- Өзіңіз «Қайсарға» ұзақ уақытқа келдіңіз бе? Мұнда келудегі амбицияңыз қандай?

- Облыс басшылығы менімен неғұрлым ұзағырақ серіктес болғысы келеді. Дегенмен, бәрі де команданың ойынына байланысты. Ойын болса, нәтиже де болады деген үміттемін. Алдағы төрт ай мен үшін емтихан іспеттес. Сүрінбей өтсем, командада қалармын. Әлбетте, "Қайсармен" Қазақстан чемпионатында болсын, халықаралық аренада болсын, жоғарғы жетістіктерге жеткім келеді. Әрқашан өзіме артылған міндетті 100 пайызға орындауға тырысамын. Облыс әкімімен болған кездесуде Футбол жол картасы бағдарламасын жасап, соның аясында аймақта футболды дамыту мәселесі жайлы айтты. Жақсы бастама. Жүзеге асар болса, жемісін береді. Соған өз үлесімді қосқым келеді.
 
- Сіздің командаңыз қандай ойын өрнегін ұстанады?

- Менің барлық командам әр матчта доппен көбірек ойнайды. Әсіресе «Мордовияда» бұл жағынан барлық ойым жүзеге асты. Шабуылды жақсы көремін. Әлбетте, әрдайым шабуылға жақын ойнағанымыздан кейін қақпамызға голдар да жіберіп жатамыз. Өйткені, бір уақытта шабуылда да үлгеріп, қорғаныста да тамаша ойнай алмайсың. Ресей Премьер-лигасына шыққанда да грандтарға қарсы қорықпай шабуылдап ойнайтынбыз. Менің философиям сол – көбірек қорғану емес, шабуылдау қажет. Дегенмен, қазір футболда ойын схемасы өте көп. Мәселен, команда үш шабуылшымен ойнауы мүмкін, бірақ соның біреуі ғана өткір шабуылда жүреді. Шабуылда да қалып қоймау қажет, қорғаныста да үлгеру керек. Мұның барлығы ойыншылардың физдайындықтарына байланысты. Қарсылас команданың да әсері бар. Егер қарсылас сапында шебер шабуылшылар көп болса, оларға қарсы үш қорғаушымен ойнай алмайсың. Бұл ақымақтық болады. Мысалға, «Бавария» - «Барселона» ойынында мюнхендіктер алаңға үш қорғаушымен шыққан еді, каталондықтар оларды жүндей түте бастады. Сол-ақ екен, «Баварияның» бас бапкері дереу ойынға өзгеріс енгізіп, төртінші қорғаушыны іске қосты. Міне, дер кезінде ойынға өзгеріс енгізе білу де –өнер.
 
- «Қайсардың» қазіргі құрамына көңіліңіз толады ма?

- Иә, дефицит ойыншылар бар. Бірақ барға қанағат қылып, әдемі ойынымызбен жанкүйерлердің көңілінен шығуға тырысамыз.
 
- Команданың қазіргі ахуалына қандай баға бересіз?

- Командамен бірге екі-ақ күн болғандығымнан әлі толыққанды баға бере алған жоқпын. Кеше ғана өзімнің алғашқы жаттығуымды өткіздім. Сырт көзбен қараған мүлдем бөлек қой. Ал өзің арасына кіріп, ойыншылармен араласа бастаған кезде мән-жайды толық ұғына бастайсың.
 
- Облыс басшылығы алдыңызға қандай міндеттер жүктеді және сізбен бірге қанша көмекші келеді?

- Бірінші және басты міндет – Премьер-лигада қалу. Ал екінші тапсырма – әдемі ойын көрсету. Менімен бірге екі көмекшім келеді. Екеуі де менің ойын жүйемді, талаптарымды жақсы біледі. Сондықтан, олар келгенде футболшылардың физикалық дайындықтары, шеберліктері біраз жетіледі деп ойлаймын.
 
- Жергілікті жастарды командаға көбірек тарту міндеті қойылмады ма?

- Ондай тапсырма болған жоқ. Бірақ өзім бапкерлік карьерамды туған жерім Кубаньда бастағандықтан жергілікті ойыншылармен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Егер жақсы ойыншылар шығып жатса, онда оларды міндетті түрде жаттығуға шақырып, ойынға ақырындап араластыра беру керек.
 
- Ал жергілікті жастарды қарайтын арнайы бапкер бола ма, әлде өзіңіз бақылайсыз ба?

- Менімен бірге жергілікті жаттықтырушылар да жұмыс жасайды. Олар барлық ойыншылардың әлеуеттерін жақсы біледі. Барлық жаттықтырушымен тығыз байланыс орнатамыз. Бұл тұрғыдан проблема болмайды деп ойлаймын.
 
- Сіз диктатор жаттықтырушысыз ба, әлде демократсыз ба?

- Жаттығуға, ойын талабына келгенде диктатормын. Алайда менімен ашық сөйлесер болсаңыз, демократпын. Мен – ашық адаммын.
 
«Қайсар» ФК баспасөз қызметі