KZ
KZ RU
30 мамыр 2012 23:03

ҚФФ Атқару комитетінің отырысы өтті

30 мамыр 2012 23:03

Алқалы жиында Атқару комитеті бірнеше маңызды мәселелерді талқылап, шешімдер шығарды. Сонымен, ең маңыздыларының бірінен бастайық. 2013 жылдан бастап Қазақстан футболы "Күз-көктем" жүйесіне өтеді. Дегенмен, жаңа жүйенің бірінші маусымы 2013 жылдың көктемінде басталып, 2014 жылдың көктемінде аяқталады. Бұл кезде ел біріншілігі үш айналымнан тұратын болады. Ал одан кейінгі жылдардан бастап, ел біріншілігі тамыз айында басталады да, келесі жылдың көктеміне дейін жалғасады. Бұл жүйе біріншіден, Қазақстан біріншілігін Еуропа футбол аренасындағы трансферлік нарықпен теңестіре алады.Сондай-ақ, біріншіліктегі үзіліс пен клубтардың маусымаралық оқу-жаттығу жиындары да Еуропалық клубтардың уақыттарымен түйіседі. Ал жаз мезгіліндегі ұзақ үзіліс ұлттық құраманың алдағы ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізуіне мүмкіндік береді.
Алайда Атқару комитетінің мүшелері 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әр клубқа кем дегенде 3 мың көрермен сиятындай жабық манеж салуға міндеттейтіндей шешім шығарды. Бұл манеж қаһарлы күндерінде де біріншіліктің үзіліп қалмауы үшін қажет. 
Сонымен қатар, кадрлық маңызды ауыс-түйістер де орын алды. Мәселен, Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президентінің қызметін Хамитжанов Саян Жақсыкелдіұлы атқаратын болды. Сондай-ақ, ел футболындағы мол тәжірибесін ескерген Атқару комитеті Саян Жақсыкелдіұлына ҚФФ Бас хатшысы қызметін қатар алып жүруді де жүктеді.
Бұдан бөлек, Төтенше комитеттің мүшелері бекітіліп, оның құрамына Президент, Бірінші Вице-президент, үш Вице-президент және Атқару комитетінің мүшелері Мазманьян Александр Николаевич мен Абраев Олжас Шәкенұлы кірді.
Атқару комитетінде клубтардың спорттық директорлары мәселелері де талқыланып, "2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әр клубтың өз спорттық директоры болуы керек және оның кәсіби футболдағы тәжірибесі 5 жылдан кем болмауы тиіс" деген шешім қабылданды. 
Додалар регламентіндегі өзгерістерге байланысты, бір додаға қатысу үшін шақыртылған 1990 жылға дейінгі футболшы, осы клубтың қатысуымен өтіп жатқан басқа да додаларда доп тебе алады. Дегенмен, регламенттегі басқа талаптар сақталуы қажет. Бұл өзгеріс тек бір ғана заңды тұлғаның құрылымына қарасты клубтарға қатысты.