ҚФФ балалар-жасөспірімдер футбол орталығын ашты
Қазақстан футбол федерациясы Талдықорғанда тағы бір балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығын ашты. Бұл – «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту» бағдарламасының 2012-2022 жылдардағы жоспары аясында шаңырақ көтеріп отырған алтыншы мектеп.
Бұған дейін осындай футбол орталықтары Астана, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Ақтөбе қалаларында ашылған болатын. Талдықорғандағы жас жеткіншектерге арналған футбол орталығы да алғашқы бесеуі сияқты премьер-лига клубы базасында ашылып отыр. Яғни оған жергілікті клуб та, Қазақстан футбол федерациясы да жауапты болады.
Жетісу өңіріндегі футбол орталығын Қазақстан футбол федерациясының спорттық директоры Анатолий Юрьевич ашып, шетелдік мамандар шеберлік дәрісін өткізді. Атап айтқанда, Украинадан келген балалар футболының жаттықтырушысы мен Ресейден шақыртылған қақпашылар дайындау маманы Игорь Кулиш Жетісу жеткіншектеріне аяқдоп өнерінің қыр-сырынан сыр шертті. Ал Анатолий Юрьевич футбол орталығындағы балаларды жаттықтыратын бапкерлерге арнап, қазіргі аяқдоп өнерінің тактикалық ерекшеліктеріне арналған бірнеше семинар өткізді.
Аталмыш футбол орталығының тұсаукесер салтанатына қатысқан «Жетісу» (Талдықорған) клубының директоры Бақыт Оңланбекұлы:
– Біз Қазақстан футбол федерациясымен біріге отырып, бұл орталықты тек келесі жылы ашпақ болғанбыз. Бірақ әкімнің тілегі Қазақстан футбол федерациясының мүмкіндіктерімен сәйкес келіп, бұл орталықты биыл күзде ашып отырмыз. Бізге бұл жобаны жүзеге асыру үшін қаржы табу оңай болған жоқ. Бюджет балаларға арналған орталық ашу есепке алынбай бекітілген болатын. Ал біздің негізгі командамыз соңғы турға дейін премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін жанталасты. Әйтсе де Талдықорғанда балалар футболын дамытудың маңызы қаншалықты зор екендігін түсіну, біздің күрмеуі күрделі барлық мәселелерімізді шешіп берді. Біз осы орталықтағы тоғыз жас мөлшеріндегі командаларды толығымен киіндірдік, қажетті жабдықтарымен қамтамасыз еттік. Ал балалар бапкерлеріне төленетін жоғары жалақы футбол орталығына білікті мамандарды тартуымызға мүмкіндік берді. Енді облыс әкімі Әділбек Жақсыбековтің төбесі жабық манеждер салу жөніндегі бастамасын қолдап, біздің балаларымыз да «Жетісу» клубының негізгі құрамымен үздіксіз, қысы-жазы жаттыға алады деп ойлаймын, – деп өз ойын ортаға салды.