ҚФФ Төрешілер корпусының басшысы А.Н. Мазманьян қызметінен кетті
Қызметінен кету жөніндегі шешімін Александр Николаевичтің өзі былай деп түсіндірді:
«Мен Қазақстан футбол федерациясының төрешілер корпусын үш жылдай басқардым. Осы аралықта төрешілердің жұмыстары әрдайым жақсарып отырды. Футбол мамандары тарапынан да матчтағы төрешілікке байланысты наразылықтар болған жоқ. Бірақ "Тобыл" - "Тараз" кездесуіндегі Сергей Паськоның төрешілігі біздің бүкіл еңбегімізді далаға кетірді. Оның үстіне, төрешінің шешімдері матч тағдырын ғана шешіп қоймай, Чемпионаттың соңында турнир кестесіне де өзгерістер енгізіп жіберді. Енді мен Қазақстан төрешілер корпусына жауапты адам ретінде өз қызметімнен кетуім керек. Моральдық тұрғыдан алғанда әлгіндей келеңсіздіктерден кейін менің өз орнымда қалуға құқығым жоқ. Қазақстан футболындағы жемқорлықпен күрес жүргізіп отырған, ел футболын биіктерге жетелеп жүрген федерация басшыларын жаманатты қылғым келмейді.