11 қыркүйек 2015 17:59
ҚФЛК президенті Лиганың отырысын қорытындылады
11 қыркүйек 2015 17:59
Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы президенті Олжас Абраев 9 қыркүйек күні өткен Лига мүшелерінің отырысы жөнінде лиганың ресми сайтына әңгімелеп берді.
– Ең алдымен Лига жетекшісі ретінде барлық клубтарға белсенділігі үшін алғысымды білдіргім келеді. Пікір алмасып, оның қорытындысы бойынша Лиганың бірқатар сұрақтары бойынша ортақ ұстаным қалыптасты. Күн тәртібі өте тығыз өтті. Көптеген сұрақтарды қамтыдық. Сонымен қатар, Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялис, Балалар және жасөспірімдер департаментінің директоры Сергей Кенетаев және футбол орталықтарының үйлестірушісі Владимир Белявскийге жиынға қатысқаны үшін алғыс айтамыз.
– Жалпы жиында қандай шешімдер қабылданды?
– Бірінші шешім Лига мүшелерінің Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің құрамындағы өкілдігіне қатысты. Атқарушы комитеттің құрамында Лига мүшелері үшін үштен бір орын беру жөнінде өтініш қабылданды. Мұндай тәжірибе еуропаның көптеген жетекші қауымдастықтарында бар. Қазақ футболының дамуында клубтардың рөлі зор екенін ескерсек, бұл қисынға келетін шешім. Сонымен қатар, жаңа заңды тұлға қалыптасып, Кеңестің процедуралық ережелері сақталғаннан кейін Лиганың жаңа логотипі бекітілді.
– Алдағы маусымға байланысты қандай сұрақтар талқыланды?
– «Тәрбиеленушілер» квотасы мен жас футболшылардың лимиті бойынша ұзақ пікірталас жүрді. Бірнеше ұсыныс тасталып, көптеген пікірлер айтылды. Біреуі легионерлер санын арттыруды, енді біреулері осы қалпында қалдыруды сұрады. «Лимит» сұрағы бойынша Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялисті тыңдадық. Бұл мәселеге қатысты да пікір көп болды. Бұл сауал жан-жақты қаралды. Спорттық және экономикалық жағына да тоқталдық. «Лимит» жасынан шыққаннан кейін футболшылардың мансабы қалай болатынын түсіну маңызды. Бұл тақырып бойынша сараптамалық жұмыс жүргіздік. Бірінші лиганың клубтары легионерлер мен шетелдік бапкерлер мәселесі бойынша сұрақ қойды. Нәтижесінде барлық сұрақтар бойынша Лиганың ортақ ұстанымын қалыптастара алдық. Қазіргі таңда бұл мәселелер бойынша ұсыныстарды ҚФФ Атқарушы комитетінің қаралымына жіберуге дайынбыз.
– Футбол орталықтарының жұмысы бойынша қандай сұрақтар көтерілді?
– Біз бұл сұраққа атүсті тоқталдық. Өйткені, Владимир Белявский қызметке жақында қосылды. Бұл сұрақ бойынша келесі жиында толығырақ қаралатын болады. Владимир Белявский сол уақытқа дейін футбол орталықтарының жұмысы жөнінде есеп дайындауы тиіс. Клубтар да өз ұсыныстарын ортаға тастайды. Тағы бір мәрте талқылаймыз. Футбол орталықтарының жобасын әрі қарай дамыту қажет екені сөзсіз.
– Жаңа маусым бойынша клубтар тағы қандай ұсыныс тастады?
– Иә. Көптеген ұсыныс түсті. «Жетісу» футбол клубы ҚФФ заң комитетін құру жөнінде ұсыныс жасады. «Қайсар» футбол клубы матч хаттамасында ойнышылардың санын 18-ден 23-ке дейін кеңейтуді сұрады. «Қайрат» футбол клубы дублер турнирін таратып, дубль құрамын Премьер-лига және Бірінші лига клубтарына ауыстыру бастамасын алға қойды. Өзге де бастамалар тыңдалды. Қабылданған сұрақтардың барлығы пысықталады. Дублерлер турнирін жеке жарыс ретінде қалдыру идеясы да бар. Премьер-Лига күнтізбесінен бөлек, жаңа күнтізбе бойынша өткізу ұсынысы да қаралды. Клубтың жетекшілері, спорт директорлары, жаттықтырушылар бірігіп,ортақ ұсыныс жасауы тиіс. Келесі жиында қандай да бір ортақ шешімді қабылдай аламыз.
Жалпы, белсенді жұмысы үшін барлық клубтың өкілдеріне тағы бір мәрте алғысымды білдіремін. Біз бір команда боламыз деп үміттенемін. Кеше барлығымыз бірге футбол алаңына шығып, жолдастық матч өткіздік. Атақты ардагер Сейілда Икрамұлы Байшақовты 65 жылдық мерейтойымен құттықтадық.
Басқа жаңалықтар