KZ
KZ RU
08 ақпан 2017 18:19

Футболдан шығарып салу: Қайрат Нұрдәулетов

08 ақпан 2017 18:19

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы көптеген клубтарымызда терең із қалдырған футболшының мансабын еске алады.

Қайрат 1982 жылы қарашаның 6-да қарапайым отбасында дүниеге келген. Туған-туыстардың ешқайсысы спортпен кәсіби түрде айналыспаған. Бір күні жас баланы бапкер Игорь Романов байқап, балалар командасына футбол ойнауға шақырды. Содан кейін Нұрдәулетов интернатқа түсіп, осы ойынның сыр-құпияларын белгілі бапкер Азат Нілдібаевтан таныған. Кейін маман оны шабуылдан қорғанысқа аударған, себебі Қайраттың допты тез арада қарсаластарынан алуды байқапты.

Өз кәсіби мансабын жас ойыншы Владимир Фомичев жаттықтырған алматылық «ЦСКА-Қайратта» бастады. Арада көп уақыт өтпей осы маман оны Қазақстан жастар құрамасына да шақырған. Алматыда жұмыс істеген жас бапкер, «Қайраттың» танымал бұрынғы ойыншысы Дмитрий Огай Петропавлға көшіп, «Есіл-Богатырь» командасының бас бапкері ретінде тағайындалды. Өзімен бірге ол жас Қайратты да алып кетті. ООгайдың көмекшісі Асқар Қожабергеновқа Нұрдәулетовтер отбасын көндіріп, баласын жіберуге оңайға соқпады. Жаңа қалаға қоныс аударған Қайратқа осы кісі әрдайым көмектескен. Бекер емес, себебі сол жылы орталық жартылай қорғаушы өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. 22 үздіктер қатарына да ілінді.

Содан кейін Огай павлодарлық «Ертіспен» келісім-шартқа отырып, көптеген футболшыларды Петропавлдан өзімен бірге тартқан. Солардың ішінде Нұрдәулетов та бар. Онсыз қалай? Үш маусым аралығында павлодарлықтар екі рет чемпиондық атаққа ие болып, бір рет екінші орында жайғасқан.

Қайраттың арманы – туған қаласында ойнау болатын. Сөйтіп, 2004 жылы алматылықтардың ұсынысына оң жауап беріп, «Қайратта» біраз уақыт өнер көрсеткен. Негізгі құрамда бәсекелестік жоғары деңгейде болатын, дегенмен, Нұрдәулетов өз орнын ешкімге бермеді. Туған командада өзінің үшінші чемпиондық атағын алды.

Қостанайлық «Тобылда» да Нұрдәулетов негізгі құрамда ойнаған. Жанкүйерлер болса, әдемі, әрі нық ойыны үшін оны жақсы көретін. Осы командада көптеген позицияларда ойнай алатын футболшы халықаралық деңгейде да барлығын таңқалдырды. Оның көмегімен «Тобыл» Интертото Кубогының жеңімпазы атанып, Қазақстан Кубогында топ жарды. Өз позициясында Қайрат үздік болып атанды.

«Тобылдан» кейін біраз уақытқа туған командасына оралып, жазда «Локомотив» сапына ауысады. Астанада төрт жылдан астам уақыт өткізіп, команданың нағыз көшбасшысына айналды. Капитан атағына да иеленді. Ұлттық құраманы жаттықтырған чех маманы Мирослав Беранек оған ерекше сенім артқан. Сөйтіп, құрамада да капитандық жұмысын атқарған.

«Астанада» алған ауыр жарақаты толық түрде өзін «Қайсар» және «Ақжайық» сапында көрсетуге мүмкіндік бермеді. Қайратқа Мәскеу қаласында ота жасалды, содан кейін Италияға емделуга барыпты. Бірақ, денсаулығы бұрынғы қалпына келмеді. Сондықтан өз мансабын аяқтауға шешім қабылдады.

- Жүгіре де аламын, секіремін де, - деді Нұрдәулетов ҚКФЛ баспасөз қызметіне. – Бірақ кейбір ыңғайсыз сәттер болады. Бұрынғысынша ойыннан рахат ала алмайтын секілдімін. Сол себепті футболдан кетемін.

Ұлттық құрама сапында 35 ойын өткізіп, бес голдың авторы атанды. Соның ең қымбаттысы – Ирландия қақпасына соққан добы. 2012 жылдың қыркүйегінде «Астана Арена» стадионында өткен ойында Қайрат әдеттегідей серіктестерін алаңға шығарып, қарсыластар капитаны Робби Кинмен сәлемдесті. Ал матчтың 37-минутында Генрих Шмидтгальдың пасын пайдаланып, баспен допты қонақтар қақпасына дәл бағыттады. Өкінішке орай, ойынның соңында қазақстандықтар екі доп жіберіп, Ирландияға жол берді. Есеп – 1:2.

Нұрдәулетовтың айтуынша, футболдан ол кетпейді. Осы ойын – оның бар ғұмыры. Қазір Қайраттың «А» бапкерлік категориясы бар екені белгілі. Жаңа салада жұмысын бастаса, арада үш жыл өткеннен кейін оқуын жалғастыра алады. Осындай патриоттар футболшылар арасында сирек кездеседі, сондықтан Қайраттың алаңда жылдар бойы жинаған тәжірибесі ел футболына көп пайда әкелетіні анық.