Горовенко мен Филиповичқа үздік бапкер және ойыншыға арналған сыйлықтары табысталды
Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының 14 турының «Атырау» - «Ақтөбе» ойынының алдында мамыр айында ел чемпионатының үздік бапкері мен ойыншысы атанған номинанттардың марапаттау рәсімі өтті.
Сауалнама қорытындысы бойынша үздіктер OLIMPBET-Чемпионатының бас бапкерлері мен команда капитандары арасында таңдалды.
Үздіктерді анықтау сауалнамасының қорытындысы бойынша «Атырау» футбол клубының бас бапкері Константин Горовенко үздік деп танылса, Батыс-Қазақстандық клубтың тағы бір өкілі Андрия Филипович үздік ойыншы атанды.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы атынан жүлделерді Атырау облысының футбол федерациясының вице-президенті Эдуард Габбасұлы Хисметуллин марапаттады.
- Бұл марапатты жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Барлық бапкерлер штабы мен командаға алғыс айтқым келеді. Футбол командалық ойын болғандықтан, менің жеңісім — бүкіл команданың жетістігі. Сондай-ақ маған дауыс берген барлық капитандар мен жаттықтырушыларға алғыс айтқым келеді. Біз одан әрі тек қана алға жылжып, жоғары орындар үшін күресетін боламыз, - деді «Атырау» командасының хорватиялық легионері Андрия Филипович.