KZ
KZ RU
21 маусым 2024 21:54
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

12-ші тур: «Алтай» төртінші рет қатарынан жеңіске жетті

21 маусым 2024 21:54

20-21 маусым күндері 1ХBET QFL Бірінші лиганың 12-ші турында «Хан-Тәңірі» сырт алаңда жеңіліссіз келген «Ұлытаудан» басым түссе, «Алтай» клубы төртінші рет қатарынан 3 ұпайды еншіледі.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 7 ойында 25 гол соғылды;

- 31 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды;

- «Хан-Тәңірі» клубының жеңіліссіз сериясы 8 матчқа жалғасып келеді;

- «Арыс» клубы осы маусымда 5 рет есеп ашқанымен, екеуінде ғана жеңіске жетті;

- «Алтай», «Хан-Тәңірі» командалары 4 рет қатарынан жеңіске жетті;

- «Ұлытау» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбектің гол сериясы тоқтады.

 

«Қайрат-Жастар» - «Қайсар Жас» - 6:1

Голдар: Рамазан Кәрімов, 13 минут (1:0), Нұрдәулет Әмірбек, 54 минутта пенальти (1:1), Сэйф Попов, 55 минут (2:1), Ян Труфанов, 57 минут (3:1), Рамазан Бағдат, 64 минут (4:1), Олжас Байбек, 73 минут (5:1), Артем Литош, 90 минут (6:1)

Өткен турда қақпаларына 6 гол жіберіп, «Жетісайдан» ойсырай жеңілген алматылықтар осы жолы кеткен есенің орнын толтыра білді. 13-ші минутта оң қапталдан қорғаушылардан жүйткіп өткен Рамазан Кәрімов қақпашыдан да оңай айласын асырды. Тым еркінсіп кеткен алаң иелері бірнеше рет шалқалай да гол салуға әрекеттенді. Бірақ күтпеген жерден «Қайсар Жас» 54-ші минутта есепті теңестірді. Тең есеп 1 минут қана сақталды. Өйткені жарты сағаттан астам уақытта «Қайрат-Жастар» 5 доппен жауап қатты.

 

«Оқжетпес» - «Ақтөбе Ж» - 1:0

Гол: Шахмарз Арсамаков, 80 минут (1:0)

Алаңнан қуылған: Саятхан Құсайынов («Ақтөбе Ж»)

Қағаз жүзінде «Оқжетпестің» жеңіске жететініне ешкімнің күмәні болмаған. Бірақ қанша гол соғатыны көпшілікке қызық болып еді. Алайда қонақтар көп мүмкіндік алмаған Саятхан Құсайынов атты қақпашыға сенім артып, өзгеріс жасады. Бұл қадам ақталды деуге болады. Өйткені алаң иелері бұрыштамадан, қақпашымен бірге-бір шығып, 24 шабуыл ұйымдастырса да, тек 80-ші минутта ғана жеңіс голын соға алды. Оның өзінде қонақтардың қақпашысы гол соғылған сәтте ереже бұзылды деп, дауласқаны үшін сары қағаз алды. Ал матч аяқталғаннан кейін «Ақтөбе Ж» қақпашысы Саятхан екінші рет ескерту алып, қызыл қағазбен матчты аяқтады.

 

«Каспий» - «Тараз» - 3:0

Голдар: Муроджон Халматов, 2 минут (1:0), Бақдәулет Көңлімқос, 40 минут (2:0), Арман Нүсіп, 81 минутта пенальти (3:0)

3 тур бойы жеңіске жете алмай келген «Каспий» екінші минутта-ақ жылдам есеп ашты. Бірақ тоқтап қалмады. Қарқындарын арттыра берді. Нәтижесінде бірінші таймда 2 доп басымдығымен алға шықты. «Тараз» сирек шабуыл жасағанымен, айтарлықтай қарсылас қақпасына қауіп төндіре алды. Бірақ дәл қазір жамбылдықтардың «Каспийге» шамасы жетпеді.

 

«Жетісай» - «Арыс» - 2:1

Голдар: Ерсайын Бегалы, 67 минут (0:1), Асылжан Асатулла, 90+1 минут (1:1), Еламан Айтөре, 90+2 минут (2:1)

Ойынның барлық қызықтары екінші таймда өрбіді. «Жетісай» матчты өз бақылауына алғанымен, «Арыстың» 18 жастағы футболшысы Ерсайын Бегалы 67-ші минутта алыстан допты керемет тоғытты. Бұл оның осы команда сапындағы бірінші голы. Бірақ «Арыс» осы маусымда бірнеше рет есеп ашқанымен, жеңісті уысынан шығарып алды. Қонақтардың қақпашысы қосымша минутта қателікке жол беріп, есепті теңестіруге мүмкіндік берсе, артынша 1 минуттан кейін тағы гол жіберді.

 

«Ұлытау» - «Хан-Тәңірі» - 0:2

Голдар: Диас Қалыбаев, 26 минутта пенальти (0:1), Нұрдәулет Ағзамбаев, 87 минут (0:2)

Осы турдағы орталық матч саналған клубтардың теке-тіресі алматылықтардың пайдасына шешілді. Диас Қалыбаев пенальтимен есеп ашқанымен, «Ұлытау» соңғы минутқа барын салды. Гол да салды. Бірақ есептелмеді. Одан кейін де керемет сәттері болды. Алайда Андрей Пасеченко қорғаған қақпа сыр алдырмады. Нәтижесінде алматылықтар төртінші рет қатарынан жеңіске жетіп, 2-орынын сақтап қалды.

 

«Екібастұз» - SD Family - 4:2

Голдар: Мирас Тұрлыбек, 14 минут (1:0), Абай Касаин, 24 минут (2:0), Ибрагим Дадаев, 32 минут (2:1), Тамерлан Агиманов, 34 минут (3:1), Байжан Мәделхан, 55 минут (3:2), Досхан Дүйсенбек, 77 минут (4:2)

Екібастұз қаласындағы кездесу көрермендердің көңілінен толықтай шықты. Себебі, бірінші таймның өзінде жанкүйерлер 4 голдың куәсі болды. 2 турды сәтсіз өткізген алаң иелері шабуылды жақсы көретін астаналықтармен ашық ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде 19 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы, қорғаушы Досхан Дүйсенбектің голы арқасында «Екібастұз» маңызды жеңісін тойлады. Тек 2 айдан астам уақыттан кейін ғана екібастұздықтар 2 голдан артық соға алды.

 

«Түркістан» - «Алтай» - 1:2

Голдар: Илья Лапшин, 31 минутта пенальти (0:1), Ілияс Күлбайұлы, 33 минут (1:1), Бекжан Зыкырьянов, 85 минут (1:2)

Өскемендіктер 4-ші рет қатарынан жеңіске жетті. «Алтайдың» басты жұлдызы Сергей Хижниченко болғанымен, 18 жастағы шабуылшы Илья Лапшин оның орнын еш жоқтатпады. Бұл футболшы 3-ші матч қатарынан белсеніп, командасын алға сүйреп келе жатыр. Алаң иелерінен екінші таймда талантты Шерзат Примбердиев дриблинг, креативті шабуылымен көзге түскенімен, соңғы минуттарда «Алтай» бұрыштамадан жеңісті жұлып алды.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 13-ші тур ойындары 27-28 маусым күндері өтеді.