KZ
KZ RU
10 тамыз 2015 13:10

Кәсіпқой футбол лигасының президенті болып Олжас Абраев сайланды

10 тамыз 2015 13:10
10 тамыз күні Астанада өткен Кәсіпқой футбол лигасының кеңесінің қорытындысы бойынша ұйымның жаңа басшысы сайланды. Қазақстандағы барлық кәсіби клубтың өкілдері ҚКФЛ президенті қызметіне үміткер ретінде Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Олжас Абраевқа дауыс берді.
 
Кәсіпқой футбол лигасының бұрынғы жетекшісі Бағлан Ергешев ҚФФ Атқарушы комитетінің отырысында Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті қызметіне тағайындалды. Осыған байланысты Бағлан Қожабайұлы Кәсіпқой футбол лигасы төрағасы қызметінен отставкаға кетті. Футбол клубтарының жетекшілері бұл шешімді толық қабылдады.
 
Кәсіпқой футбол лигасын басқаруда Олжас Абраевтың тәжірибесі мол. Ол ұзақ жылдар бойы ҰФЛ төрағасының орынбасары қызметін атқарды, ал 2014 жылы КФЛ төрағасы болды.
 
Жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін Олжас Абраев алдағы уақытта атқарылатын міндеттерге тоқталып өтті. Ең алдымен «Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы» Заңды тұлғалар бірлестігі құрылады. Бұл ұйымға еліміздің барлық кәсіби клубтары мүше болады.
 
«Бұл жол арқылы Еуропада кәсіби футбол дамып келеді. Біздің лиганың да тәуелсіз жолға түсетін уақыты келді. Кәсіби клубтар арасында жарыс өткізу, кәсіби футболды басқару өкілеттігі беріледі. КФЛ 2012 жылы футболды басқару мен жарыстарға қатысуда клубтарға кең мүмкіндік беру мақсатында құрылған еді. Сол уақыттан бері футболдың сапасы айтарлықтай өсті. Қарағандылық  «Шахтер» 2013/2014 жылғы маусымда Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнады. Осы маусымда «Астана» мен «Қайрат» та Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңіне бір қадам тұр. Тәуелсіз лига құру елімізде футболды дамытуда келесі маңызды қадам болмақ. Ұйымның мүшелері кәсіпқой футболды дамыту жолдарын бірге қарастырады. Бұл арқылы барлығы ұтады. Клубтар футболды басқару процесіне ықпал етуге мүмкіндік алады. Қазақстан чемпионаты күшейе түсіп, Ұлттық құрама мықты футболшыларға ие болады. Ал, жанкүйерлер тартысты футболдың куәсі болмақ», – деп атап өтті Олжас Абраев.
 
Сонымен қатар, ҚКФЛ-ның жаңа басшысы ұйымның Еуропалық кәсіби футбол лигаларының қауымдастығына мүше болуы басым бағыттың бірі екеніне тоқталды. Шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнату және тәжірибе алмасу Қазақстан футболы үшін пайдалы болмақ және Қазақстан Премьер-лигасы мен Бірінші лигасын жаңа дәрежеге көтеруге мүмкіндік береді.
 
«Өзге елдердің тәжірибесіне жүгіну қажет. 2014 жылы КФЛ шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, Ресей лигаларымен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Әріптестеріміздің көптеген бағыт бойынша жұмыстары бізге қызықты. Оның ішінде - телеарнамен жұмыс, маркетинг, жанкүйерлермен жұмыс, лига мен оның мүшелерінің имиджін көтеру. Біз осы бағытта қызметті жалғастыруды көздейміз. Тек қана Ресей емес, өзге елдермен қарым-қатынас орнатамыз».
 
Біздің анықтама:
 
Олжас Абраев 1984 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келді.
 
2001-2004 -  Алматы қалалық футбол федерациясының жауапты хатшысы
2002 – футболдан Қазақстан Республикасының бірінші категориядағы төрешісі
2002-2004  - Алматы қалалық футбол федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі
2003-2004  - Алматы қалалық футбол федерациясы төрешілер комитетінің төрағасы
2003-2005  - Алматы қалалық футбол федерациясының бақылау-тәртіптік комитетінің мүшесі
2004 – футболдан Қазақстан Республикасының ұлттық категориядағы төрешісі
2004-2008 – Қазақстан футбол одағының футзал департаментінің менеджері
2005  -   футзалдан Қазақстан Республикасының жоғары ұлттық категориядағы төрешісі
2008-2009  - Қазақстан футбол федерациясының футзал департаментінің директоры
2009-2012  - Қазақстандағы FIFA TMS жобасының үйлестірушісі
2009-2011  Қазақстан футбол федерациясы Ұлттық футбол  лигасының менеджері
2011-2012  Қазақстан футбол федерациясы Ұлттық футбол лигасы директорының  орынбасары
2011-2012 Қазақстан футбол федерациясының бақылау-тәртіптік комитетінің мүшесі
2011-2012  Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық футбол лигасының директоры
2012-2014  Қазақстан футбол федерациясының атқарушы директоры
 
2010 жылдан бастап футзалдан халықаралық категориядағы (FIFA) төрешісі
2011 жылдан бастап футзал және жағажай футболынан UEFA комитетінің мүшесі
2012 жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің мүшесі
2013 жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясының қауіпсіздік және спорт ғимараттары бойынша комитеттің төрағасы
2013 жылдан бастап UEFA делегаты
2014 жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті
2014 -2015 жылдары Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы