Кешегі күнді еске түсіру: Ұлықбек Бақаев
Өз өнерін ол Өзбекстанда, бірінші лиганың «Ситора» клубында бастаған. Осы командадан бірден «Бұқара» клубына ауысады. Бұқаралықтар сапында бес маусым өткізіп, қырық шақтай голдың авторы атанды. Сөйтіп, осындай талантты жас шабуылшы бар болғаны туралы ресейліктер де естіді. Мәскеулік ЦСКА клубы Бақаев үшін күресті жеңіп алыпты. Бірақ, осы командада бағы жанбады. «Торпедо-ЗИЛ» командасының сапында да ресми ойындарда гол соға алмады. 2003 жылы бірінші жартысын Өзбекстанда, ал екіншісін – ресейлік «Нефтехимик» клубында өткізген.
2004 жылы Бақаев алғаш рет Қазақстанға келіп, қостанайлық «Тобыл» командасымен келісім-шартқа отырды. Осы клубта Ұлықбек өте жиі мергендік танытқан. Әсіресе жақын досы Нұрбол Жұмасқалиевтың пастарынан қарсыластар қақпасына бірнеше гол соқты.
-Алаңда біз бір-бірімізді жақсы түсіндік, - дейді Бақаев. – Мен жай ғана жылдамдықты арттырғанда, Нұрбол маған тез дәл пасты беруге тырысты. Алаңға шыққанда, мен әрдайым тек қана гол соғудың тәсілдерін іздедім. Бар ойым – допты соғып, командаға пайда әкелу.
2007 жылы қостанайлықтар Интертото Кубогында сәтті өнер көрсетіп, Еуропаны таң қалдырды. Сол ойындарда Бақаев өзін мықты ойыншы ретінде көрсете алды.
«Тобылдан» кейін туған жерін сағынып, Өзбекстанға оралды. Зико бастаған «Бунедкор» командасында бірнеше маңызды голдарды соғып, Ривалдо секілді ойыншылардан біраз тәжірибе алған. Бірақ осы командада өнер көрсету оңайға соқпады, сондықтан Ұлықбек Самарқандтың «Динамо» командасына ауысты.
Қостанайда Бақаевты ешкім ешқашан да ұмытпады, сондықтан мүмкіндік туғызғанда, ол бірден «Тобылға» оралды. 2010 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды, ал келесі маусымда «Жетісуға» күміс жүлдеге иенуге көмектесті.
Маусым аяқталмас бұрын Біріккен Араб Әмірлігінің «Дубай» клубына ауысты. Осы командада не бары сегіз-ақ ойын өткізіп, қайтадан Қазақстанға оралды. Бірақ «Тобыл» және «Жетісудың» орнына «Ертісті» таңдады. Павлодарлықтар сапында да бар мүмкіндіктерін көрсете алды. Әсіресе болгариялық «Левски» командасына соққан голды атауға болады.
Халықаралық ойындарда кез келген командаға қарсы тең ойнауға болады, деп санайды Бақаев. Осындай жүріс-тұрыспен ол әрқашанда алаңға шыққан. Өзбекстан құрама командасының сапында да Әлем чемпионатына бармағанына қарамастан, жоғары дәрежедегі ойын көрсетті. Негізі, Бақаевтың мансабы сәтті өтті деуге болады. Себебі барлық командаларда өзін көрсете білді, ауыр жарақаттардан да құтылды. Осыншама көп доптарды соққан шабуылшылар футболда аз. Бақаевтың ойынын көріп, осындай шабуылшы болғанды армандайтын балалар жетеді. Енді болашақ футбол жұлдыздарына Ұлықбек жолды таптап бастады деп те санауға болады.