KZ
KZ RU
10 қаңтар 2017 17:46

Кешегі күнді еске түсіру: Нилтон Мендес

10 қаңтар 2017 17:46

Он жыл бұрын осы талантты шабуылшы дүниеден озды. Жасы не бары отызда болған. Жанкүйерлер оны алаңнан голсыз кетпейтін шабуылшы ретінде еске түсіреді.

Қазақстанда Мендес 1999 жылы павлодарлық «Ертіс» сапынан алғаш рет көрінді. Оның арқасында осы клуб Азияның Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жете алды. 2000 жылы бразилиялық «Интернасьонал» және «Атлетико Паранаэнсе» клубтарының бұрынғы шабуылшысы 21 доппен чемпионаттың үздік сұрмергені атанып, жыл ойыншысы атағын жеңіп алды. Барлығы «Ертіс» сапында үш маусым ішінде 50-ден астам гол соққан.

Оның ойынын көрген шет елдердің өкілдері Мендеске қызығушылық білдірді, бірақ ол өз мансабын Қазақстанда жалғастыруға шешім қабылдады.

«Маған Қазақстанда өте ұнайды, - деді сол кезде Мендес. – Осы жерде мені бәрі біледі, сенім артады. Әрбір соққан голдан кейін мен Бразилияға хабарласып, қуанышты жаңалықтармен өз отбасымен бөлісуге тырысамын».

Сөйтіп, бразилиялық футболшы астаналық «Жеңіс» клубымен келісім-шартқа қол қойды. Осы командада да Мендес өз ойынын тез тауып, көшбасшы ретінде шабуылға бастап шығуға тырысты. Алаңда ол өте жиі аяқ астынан шешімдерді өзгертіп, қарсыластардың басын қатырды. Жартылай қорғаушылар Мендесті алаңда тауып, бірден пас беруге асықты, себебі олар Нилтонның дұрыс шешімді қабылдайтынын білген.

2005 жылы астаналық команданың негізгі шабуылшысы болмағанмен, Қазақстан Кубогының финалында 116-минутта өзінің голымен «Қайратты» артта қалдырды. Келесі жылы футболшы белоруссиялық МТЗ-РИПО-ға қарсы ойында алғаш рет еурокубоктық голын соға алды. Өмірінде соңғы добын тамыздың 4-і күні «Астананың» қақпасына соққан. Қыркүйектің 18-де жаттығу кезінде Мендес өзін нашар сезініп, қайтыс болды. Дәрігерлер бразилиялық футболшының өмірін аман сақтап қала алмады.

Мендес өмірден он жыл бұрын озды, бірақ оның достары, әріптестері, тіпті жанкүйерлері де оны ұмытпайды. Нилтонның Қазақстан футболына қосқан үлесі, жетістіктері мәңгі сақталады.