KZ
KZ RU
16 қаңтар 2017 18:33

Кешегі күнді еске түсіру: Виктор Зубарев

16 қаңтар 2017 18:33

Болашақ жұлдыз 1973 жылдың сәуірдің 10 күні қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласында дүниеге келді. Бала кезінде футболмен емес, баскетболмен қызықты. Сөйтіп, бір күні футболға келіп, жоғары бойының арқасында бірден шабуылда өз орнын тапты. 1993 жылы үлкен футболдағы алғашқы ойынын Екібастұз қаласының «Батыр» командасының сапында өткізген. Сол маусымда Зубарев не бары бір гол ғана соқты. Бірақ алғашқысы ең қиыны екені белгілі. Келесі екі жылдың ішінде алты доптың авторы атанады. Ал 1996 жылы болса, біраз тәжірибе жинаған Виктор 32 ойында 11 доп соға алды.

Осындай мергендікті көрген павлодарлық «Ертіс» Зубаревты 1997 жылы өз қатарына қосады. Сол маусым Виктор үшін өте сәтті болды. Ол 10 доптың авторы атанып, ұлттық құрамаға шақырту алған екен. Басты команданың сапында алғашқы ойынын Пәкістанға қарсы өткізді. Алаңға матч кезінде шығып, үш допты соғуға үлгерді. Содан кейін Жапонияға қарсы ойында да бір голдың авторы атанады. 1998 жылдың желтоқсанында ұлттық құрама сапында өз рекордын жаңартып, Лаос қақпасына тіпті төрт доп та соға алды. Бірнеше күндердің аралығында Бангкокта Таиланд пен Катарға қарсы ойындарда мергендік танытты. Қазақстан құрамасында соңғы голдарын сол баяғы Пәкістан қақпасына соқты. Барлығы басты команданың сапында 18 ойын өткізіп, 12 доп соқты. Оның рекордын бірнеше жылдан кейін Руслан Балтиев қана жаңарта алды. 

Павлодарда 1997 жылы өткізген сәтті ойыны ресейлік клубтардың көзіне түсті. Әуелі Викторды Туланың «Арсеналына» шақырып, сол командада шабуылшы 6 доп соқты. Содан кейін Төменгі Новгородтың «Локомотивіне» ауысыпты. Жаңа командада да Зубарев жиі мергендігімен танылды. «Теміржолшылардың» бұрынғы бапкері Валерий Овчинниковты Виктор сұхбатта жиі алғысымен есіне түсірген. Оның айтуынша, осы маман шабуылшының «физикасын» тез көтерді. Себебі Қазақстанға оралғаннан кейін Зубарев 26 доп соға алды.

«Ел чемпиондары атағын алдық, ал мен болсам мүлдем шаршаған жоқпын», - деді Виктор ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына.

 2000 жылы Кипрден шақыру қағазы келіп, жергілікті «Аполлон» командасымен келісім-шартқа отырды. Алғашқы маусымда 15 голмен команданың үздік сұрмергені атағын жеңіп алды. Кипрлік клубтар болса, қазақстандық шабуылшыларға қызығушылық білдіріп, Олег Литвиненконы да шақырды. Зубарев болса, келесі жылы Кипр Кубогының финалында шешуші доп соғып, командасын Еуропаға шығарды. Бірақ еурокубоктық додаларда ойнамады, себебі туған жерін сағынды. «Ертіске» оралды. Жоғары бойы үшін Степа-аға лақабын алған ойыншы павлодарлықтарға 2002 және 2003 жылдары чемпиондық атақтарын жеңуге көмектесті. 

 

Содан кейін петропавлдық «Есіл-Богатырь» командасында өнер көрсетіп, капитандық атағына ие болды. Барлығы осы командада 16 доп соғуға үлгерді. 2004 жылы қазанның 18-де Виктор дүниеден озды. Жасы не бары 31-де ғана...

- Зубарев алаңдағы өнерімен ғана емес, адамгершілігімен де ерекшеленді, - дейді Қазақстан құрама командасының бұрынғы бапкері Сергей Тимофеев. – Футбол алаңында Виктор көптеген нәрселерді көрсете білді. Біз онымен Төменгі Новгородта араласа бастадық. Кенеттен келген өлімі болмаса, тағы да талай жетістіктерге жетер еді.

Зубаревты алғыспен Қазақстанда ғана емес, Ресейде, тіпті Кипр жерінде де жанкүйерлер жиі еске алады. Себебі осындай шабуылшылар қазіргі футболда сирек кездеседі.