ҚКФЛ Сейілда Байшақов атындағы сыйлықты тағайындады!
28 тамызда өткен ғасырда еліміздің үздік ойыншысы атанған Сейілда Икрамұлы Байшақов өзінің туған күнін атап өтеді. Атақты футбол ардагері 71 жасқа толды. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Сейілда Икрамұлын төл мерекесімен құттықтай отыра, туған күн иесіне және оның жақындарына денсаулық пен амандық тілейді!
Байшақов ойыншы ретінде жамбылдық «Энергетик» пен алматылық «Қайрат», сондай-ақ КСРО құрамасында өнер көрсетіп, отандық спорттың дамуына үлкен үлес қосты. КСРО командасынының құрамында Сейілда Икрамұлы Венгрия мен Грекия құрамаларына қарсы екі матч өткізді. Алматылық «Қайрат» сапында Байшақов 10 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп, команданың капитаны болды. Жалпы алғанда алматылық клубтың сапында 296 кездесу өткізіп, 11 голдың авторы атанды.
Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ол «Қайратта» жаттықтырушы болып жұмыс істеді, Қазақстанның футбол федерациясында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды, федерацияның Вице-президенті және Президенті болды.
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы өтіп жатқан маусымнан бастап жыл қорытындысы бойынша маусымның үздік қорғаушысына берілетін символикалық марапатқа Сеильда Икрамұлының есімін бекітуге шешім қабылдады.