KZ
KZ RU
11 наурыз 2013 21:03

КФЛ Төрағасы Михаил Гурман Біріншіліктің 1-туры туралы

11 наурыз 2013 21:03

Қостанайдағы ойыннан бастасақ. Өте қызықты кездесу болды. Жергілікті "Тобыл" ел кубогының иегері "Астананы" қабылдаған. Есепті Огнен Красич ашты. Ненад Шливич есепті еселеді. Ал Виктор Дмитриенко өз қақпасына гол соғып, қостанайлықтарға керемет сый жасады. Дегенмен, "Астана" да голмен жауап қата алды. Командаға биыл ғана қосылған брадилиялық Зелао есепті қысқартқан. Бірақ, Салех пен Жолшиев бір-бір голдан соғып, есепті 5:1-ге жеткізді.



Оралда күтпеген нәтиже тіркелді. Жергілікті "Ақжайық" ел чемпионы Қарағандының "Шахтерін" қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Белоруссиялық шабуылшы Игорь Зенькович дубльдің авторы атанса, үшінші голды Бауыржан Омаров соқты.



Шымкенттің "Ордабасы" командасы өз жерінде Керекудің "Ертісін" жеңіп жатып, 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұл ойында біріншіліктің бірінші қызыл қағазы көрсетілді. Нақты айтсақ, бас төреші алаңнан Мохаммед Аруриді аластатты. Сонымен, Сергей Струков абайсызда өз қақпасына гол соғып алған. Бірақ керекуліктердің сапында Леонид Ковель, Павел Шабалин және Ұлықбек Бақаев сынды футболшылар бір-бір голдан соғып, Струковтың уайымын азайтты.



Өткен біріншіліктің қола жүлдегері "Ақтөбе" Өскеменге қонаққа барып, жергілікті "Востоктан" басым түсті. Жалғыз голды ұлттық құраманың қорғаушысы Юрий Логвиненко соқты.



"Тараз" өз жерінде ірі есепке қол жеткізді. "Атырау" командасын қабылдаған Любко Петрович шәкірттері 4:1 есебімен жеңіске жетті. Негізі, "Атырау" командасы проблемасын әлі шеше алмай жүр. Өздеріңіз білесіздер, қарыздарына байланысты "Атырау" футбол клубына жаңа футболшыларды тіркеуге тиым салынған болатын. Яғни, негізгі құрамның бірнеше ойыншыларына үміт арта алған жоқ. Соған қарамастан "Атырау" алғашында қайсарлық танытып, тең дәрежеде ойнады. Мирослав Лечичтің голына "атыраулық" Валентин Чуреев пенальтиден гол соғып, лайықты жауап қатты. Дегенмен, "Тараздың" жаңа ойыншысы Мануэль Куртоның керемет айып соққыларына қарсы Миодраг Радуловичтің командасы еш амал қолдана алмады. Сондай-ақ, Шерхан Бауыржан жа әдемі голдың авторы атанды.



Алматыда голдан жауын жауды. "Қайрат" пен "Жетісу" кездесіп, 3:3 есебімен тең ойнады. Ойыншыларды тіркеу кезеңінің аяқталуының қарсаңында "Жетісу" футбол клубы (Талдықорған) қарыздарын өтей бастады. Соған сәйкес, "Қайратпен" болатын ойынның қарсаңында бұл клубқа жаңа ойыншыларды тіркеуге рұқсат берілді де, алаңға шыққан барлық футболшы көрермендерге қызықты кездесу тарту етті.



"Атырау" футбол клубы қарыздарын өтеуге байланысты ешқандай да алғы қадамдар жасамады. Сондықтан, бұл клубқа жаңа футболшыларды тіркеуге әлі де рұқсат берілген жоқ.