KZ
KZ RU
30 шілде 2012 09:10

"Кока-кола — былғары доп" додасының Қазақстандағы чемпиондары Мадридтің "Реалында" қонақта

30 шілде 2012 09:10

Алматы облысы Іле ауданының №13 мектеп оқушылары бес күн бойы Мадридтің футбол рухымен тыныстап, атақты "Реал" клубының алаңдарында жаттықты. Сондай-ақ, әлем және Еуропа чемпионы Испанияның базасында болып, жеңімпаздың соңғы кубоктарын өз көздерімен көру бақыттарына ие болды.


Copa Coca-Cola турнирі "Реалдың" стадионы "Сантьяго Бернабеуде" өтті. Атақты арена бір күн бойы турнир қатысушыларын күтіп алумен болды.

Алғашында додаға бес команда түсуі тиіс болған. Бірақ визалық құжаттарды рәсімдеу мәселелерінде кедергілерге тап болған Үндістан жеткіншектері

турнирге келе алмады. Нәтижесінде бас жүлдеге Испанияның екі командасы, Қазақстан және Алжир командалары таласты.


Алғашқы ойында біздің жеткіншектер "Қара құрлықтың" өкілдерінен 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін Берік Омаров шәкірттері (естеріңізге сала кетейік, бұлар қарапайым мектеп оқушылары) "Райо Вальекано" академиясының жеткіншектерінен 0:6 есебімен ұтылды. Жартылай финалда жерлестеріміз тағы да алжирліктермен кездесті. Ойын барысында 0:2 ұтылып жатып, бір гол соға алды. "Сантьяго Бернабеуде" гол соққан Ерсін Қосатаеав бұл добын ешқашан ұмытпайтын шығар. Үшінші орын үшін өткен ойында жігіттеріміз "Райо Вальеканодан" 0:3 есебімен ұтылды. Ал бас жүлде финалда Алжир клубын пенальтиден жеңген "Леганес" академиясына бұйырды.


Уйымдастырушылар турнирді бұдан былай дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ.


Рауль МАРТИНЕС,
«Реал» (Мадрид) ФК академиясының бапкері:

— Сіздердің жігіттеріңіздің жолдары болды. "Сантьяго Бернабеуде" доп тебу бағы екінің біріне қона бермейді. Өз басым, бұл стадионда бірде-бір рет ойнамаппын. Сіздердің футболшыларыңызбен жаттығуларда бірге жұмыс жасау өзіме жақсы әсер сыйлады. Жалпы, жақсы ойын өрнегін көрсете алдыңыздар.


Берік ОМАРОВ,
Қазақстан командасының жаттықтырушысы:

— Испанияға сапардан керемет әсер алдық деп қоя салсам, ештеңе айтпағаным болар еді. Біздің футболшылар бұл сапардан зор қуат алды. "Сантьяго Бернабеуде" доп тебу деген бақыттың төресі екен. Мұндай мүмкіндікті сыйлаған "Кока-Кола" және Қазақстан футбол федерациясына алғысымыз шексіз.


Роберто САНТИА,
"Леганес" (Испания) ФК академиясының бапкері:

— Біз үшін бұл турнирде жеңіске жету аса маңызды болды. Тыңғылықты дайындалдық. "Сантьяго Бернабеуде" жеңімпаз атанғанымызға бақыттымын. Сіздердің ойыншыларыңыз да жақсы ойын үлгісін көрсетті. Көздерінде ұшқын бар, жеңіске деген жігерліктері орасан. Ал турнир қорытындысы жайында айтар болсам, Испания футбол академиялары шынымен де мықты еді.


Ерсін ҚОСАТАЕВ,
Қазақстан командасының жартылай қорғаушысы:

— "Сантьяго Бернабеуде" гол соққаным үшін бақыттымын. Бұл әр футболшының арманы болса керек. Бірақ, финалға шыға алмағанымыз үшін өкінемін. Дегенмен, мұндай турнирге қатысудың өзі абырой ғой.


Диар НҰРҒОЖАЙ,
Қазақстан командасының қорғаушысы:

— Турнир ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз. "Реалдың" алаңында доп тебеміз деп ешқашан ойламаған едім. Енді бізде ұмтылыс., құлшыныс бар. "Кока-Кола - Былғары доп" додасының келесі турнирін де жеңіп алып, тағы да осы стадионда ойнағымыз келеді.