Лига кеңесінің мәжілісі өтті
Кеңестің ережесіне байланысты клуб басшылары Лига кеңесінің жаңа төрағасы мен оның орынбасары сайланды. Лига кеңесінің төрағасы болып бірауыздан "Жетісу" футбол клубының президенті Асқар Қожабергенов сайланды. Ал "Шахтер" футбол клубының президенті Ерден Халилин төраға орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін бұл қызметтерді атқарған Асхат Ақылбеков пен Николай Панинге клуб басшылары алғыстарын білдірді.
Премьер-лига клубтарының басшылары Қазақстан чемпионаты 2012 маусымының өткізілу мәселелерін талқылады. Нәтижесінде, Кеңеске қатысушылар Премьер-лига регламентіндегі "жас ойыншылар" мен легионерлер пунктеріне өзгеріс енгізу жайлы ұсыныстарын ҚФФ Атқару комитетіне жолдады. Яғни, қарқынды талқылаудан кейін клуб басшылары матч хаттамасына бес емес, алты легионер тіркеу және 1990 жылдан жас ойыншыларды матч хаттамасына бұрынғыдай үшеу емес, екеуін тіркеу, оның біреуі алаңда ойнау керектігі жөнінде келісімге келді (Қазіргі регламентке байланысты қосалқы құрамда кем дегенде екі жас ойыншы болуы тиіс-ті).
Кеңес аясында Клуб президенттері мен Біріншілікті телевизиялық тарату өкілдері өзара диалог өткізді. Нақтырақ айтсақ, "Қазақстан" ұлттық телеарнасы спорттық бағдарламалар шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Павел Цыбулин және "Хабар" ақпараттық агенттігі спорттық бағдарламалар продюссері Тимур Камашев Кеңесте телетрансляцияға байланысты біраз мәселелерді талқылауға ат салысып, Премьер-лига матчтарының трансляцияларын ұйымдастыру жөніндегі мәселелерді клуб басшыларымен бірлесе шешуге тырысты. Бұдан бөлек, Тимур камашев еліміздегі дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін мәртебелі белгімен марапатталды. 1995 жылы Семейдің "Елімай" клубында қызмет атқарып, қазақстан футболының таризында алғашқы баспасөз қызметкері атанған Тимур Камашевқа естелік төсбелгіні ҚР Дене шынықтыру және спорт агенттігі төрағасының кеңесшісі Асхат Сейсенбеков табыстады.
Тағы бір талқыланған тақырып — еліміздегі футбол стадиондарының жайы болды. Яғни, стадиондардың Регламенттегі талаптарға сай, әрбір клубтың жасанды шөп төселген алаңы және жылыту жүйесі қондырылған алаңы болуы тиіс. Бұл мәселе жөнінде ҚФФ-тың атқарушы директоры Әлия Дүйсекеева баяндама жасады. Бұл тұрғыда стадиондардың еурокубоктік матчтарға дайын болуы және Атырау қаласындағы "Мұнайшы" стадионының кем-кетіктерін түзеу мәселесіне негізгі екпін қойылды. Айта кетейік, Регламенттегі талаптарға мүлдем сай келмеген "Мұнайшы" стадионы Қазақстан біріншілігінің матчтарын қабылдау құқығынан айрылған еді. Сондай-ақ, жаңа маусымнан бастап әр клуб өз штатына маркетинг бойынша арнайы маманды алдырту міндеттелді.
Жаңа маусымнан бастап Қазақстан чемпионатында жүзеге аса бастайтын "британдық" мәнерде төрелік ету тақырыбын ҚФФ Төрешілер комитетінің төрағасы Александр Мазманьян қаузады. Бұл жаңашыл жүйенің негізгі мақсаты — ойын кезіндегі болмашы үзілістердің санын азайту және өтірік құлап, симуляция жасайтын футболшыларды қатаң жазалау. Яғни, бұл жүйе ойын ырғағын арттыруға, сондай-ақ, ойынның тартысты өтуіне септігін тигізеді.
ҚФФ Құқықтық бөлімінің жетекшісі Газинур Алимов өз баяндамасында Қазақстан біріншілігі мен кубоктік додасындағы басты өзгерістерге тоқталып өтті.
Премьер-лига клубтарының жаңа маусымдағы құрамдарын тіркету кезңінің алғашқы нәтижелерін ҰФЛ жетекшісі Олжас Абраев сөз етті. Айта кетейік, Премьер-лига клубтары футболшыларын тіркеу кезеңі 9 наурызға дейін созылады.
Біріншілік матчтарына көрермендерді тарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл тұрғыда клуб президенттері стадион әкімшілігі және жанкүйерлермен де жұмысты күшейту керектігін алға тартты. ҚФФ-тың Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменттің жетекшісі Измаил Бзаров Фанаттық қозғалыстарды қолдау керектігін және жаңа фанаттық қозғалыстарды құру қажеттігін айтты. Тіпті, керек болса, фанаттармен жұмыс жасау мәселесінде ҚФФ-тің де методикалық көмектер көрсетуге дайын екендігін тілге тиек етті.