10 шілде 2013 13:33
Марат Хайруллин: «Ақтөбе» Арменияның командасынан әлдеқайда қарымды»
10 шілде 2013 13:33
- Марат, соңғы турда "Ақтөбе" ерлік көрсетіп, ойынның соңында "Тараз" қақпасына жеңіс голын соға алды. Нәтижесінде, матч 3:2 есебімен аяқталды. Ойын қаншалықты болды?
- Иә, ойын өте ауыр болды. Өйткені, Армениядағы матчтан кейін біраз шаршап қалған едік. Бабымызға қайта келу қиын болды. Тараздықтардың тың көрінгені де сондықтан. Дегенмен, тартыс 90 минутқа созылып, кездесу тең дәрежеде өтті. Рас, біздің жолымыздың болғанын да жоққа шығармаймын. Саша Гейнрих допты жерлете тепкен еді, ақырын ғана ұшқан теңбіл снаряд қақпашының қолына тиіп, торда тулап жатты. Алайда, бұл жерде жеңіс тек мықтыларға ғана бұйыратынын да айта кету керек. Жалпы, "Тараздың" бапкерлері мен жанкүйерлері не десе де, "Ақтөбе" мықты болды. Бұл заңдылық.
- "Гандзасармен" текетірес әлі аяқталған жоқ. Осы орайда "Таразбен" болған ойын кезінде "бұл матч біз үшін маңызды емес қой" деп қолды бір сілтегілеріңіз келген кез болды ма?
- Жоқ. ондай жаман ойдан ада болдық. Соншалықты әлсіздік танытатындай халде емеспіз. Біз үшін әрбір ойын маңызды. Әлбетте, Еуропа лигасында ерлеп, неғұрлым жоғары кезеңге өткіміз келеді. Бірақ ел чемпионатын да ұмытып кетуге болмайды.
- Осы ойында екінші голды пенальтиден соқтыңыздар. Нүктеге Сергей Давыдов жақындады. Командаға кеше ғана қосылған ойыншы. Ал "Ақтөбеде" пенальтиді керемет орындайтын жігіттер өте көп...
- Бізде пенальтиді кім өзіне сенімді, сол орындайды. Давыдов пенальтиге өзі қол жеткізді. Допты қолына сенімді түрде алғандықтан, ешкім де таласқан жоқ. Көрдіңіздер ғой, 11 метрлік айып добын керемет орындады.
- Енді Еуропа лигасы жайлы әңгімелессек. "Гандзасарды" түзде 2:1 есебімен жеңдіңіздер. Жалпы, армениялық бұл клубтың әлеуетіне қандай баға бересіз?
- Армяндар кездесуді өте қарқынды бастады. Шебер ойыншылары да баршылық екен. Дегенмен, меніңше біздің командалық ойынымыз оларға қарағанда әбден жетілген. Оның үстіне, Қазақстан чемпионатының деңгейі Армения біріншілігінің деңгейінен әлдеқайда жоғары сияқты. "Гандзасарды" еш қиындықсыз жеңуге болады.
- Командалардың келесі кезеңге өту мүмкіндіктеріне қандай баға бересіз?
- Бірінші кездесуде жеңіске жетіп, мәселенің жартысын шешіп алдық қой. Енді келесі кезеңге өту үшін "Гандзасар" бізге жауапсыз екі гол соғулары керек. Бірақ біз олардың еркін қимылдауларына еш мүмкіндік бермеспіз. Біз әр ойында жеңіске жеткіміз келеді. Бірінші матчты ұттық, енді тең есеп те жарайды деген ойдан әрдайым аулақпыз. Тек қаланың ғана емес, Қазақстанның намысын қорғайтынымызды клубтағы әрбір ойыншы сезінеді. Жанкүйерлер де стадионды лық толтырып, бізге аянбастан қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Егер жанкүйерлермен біріксек, бізді ешбір команда тоқтата алмайды.
- Биылғы біріншілікте «Ақтөбе» қарсылас шақ келтірер емес. Ешбір команда жете алмастай ұпай жинап жатырсыздар. Бұл жеңістердің құпиясы неде?
- Өткен жылғы ойыншыларымыздың көбісі командада қалды. Оларға өте шебер ойыншылар қосылды. Қорғанысымызға көбірек көңіл бөле бастадық. Шабуылда да қарқынды күшейттік. Командадағы футболшылар барлығы бір-бірімен өте тату. Міне, жеңістердің сыры осында. "Ақтөбе" әлі талай команданы сан соқтырады.
- «Ақтөбе» биыл Еуропа лигасының негізгі кезеңіне өте алады деп ойлайсыз ба?
- Бәрі де мүмкін. Уақытында көрерміз. Бір анығы, алғашқы екі іріктеу кезеңінен қиналмай өтуіміз керек деп ойлаймын!
Сәкен Спанов, арнайы КФЛ сайты үшін
Басқа жаңалықтар