Маттео Трефолонидің тағайындалуына байланысты өткен баспасөз мәслихатының толық нұсқасы
Маттео Трефолони:
- Төрешілер дауымен күресу үшін Қазақстан футбол федерациясы шеттен маман іздеп, Италия футбол федерациясына хабарласты. Мені Қазақстанға ұсынған солар. Қазақстан футбол федерациясы мен Италия футбол федерациясының ынтымақтастығы арқасында Қазақстанға келіп тұрмын. Хамитжанов мырзамен әңгімелескеннен кейін ҚФФ-тың бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөліп отырғанын байқап, ұсынысты қабыл алдым. Өзімнің ұзақ жылғы тәжірибемді, білімімді осы елдің игілігіне жұмсасам деймін. Қазақстанның маған сенім артып отырғаны - мен үшін зор абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті жүктейді.
- Қазақстанға алғаш келуіңіз екен. Қандай әсер алдыңыз?
- Италиямен салыстырғанда мұнда салқынырақ екен (күліп). Ешқашан 41 градустық аязда болып көрмеппін. Дегенмен, Астананың әсем жерлерін аралап үлгердім. Өте көрікті қала екен. Тағы бір байқағаным, қала қарбалас. Бәрі де қызу тірлік үстінде. Бос жүрген ешкім жоқ. Жас болса да, болашағы зор мемлекет екені көрініп тұр. Мұнда өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Қазақстанның келешегі жарқын екеніне күмәнім қалмады.
Саян Хамитжанов мырзаға сұрақ:
- Келісімшарт ұзақтығы қандай?
- Келісімшарт «2+2» жүйесі бойынша жасалды.
- Неге өз жерімізден емес, маманды сырттан іздедіңіз? Неліктен таңдауларыңыз Италияға түсті?
- Таңдауымыз неліктен шетелдік маманға түскеніне жауап берейін. Өйткені, бұл бағытта шетелдік маманмен жұмыс жасауда тәжірибеміз бар. Ұтқанымыз көп болды. Ресейлік Николай Левниковтың екі жылдың ішінде Қазақстан төрешілерінің деңгейін қаншалықты биікке көтергенін ұмытпаған шығарсыздар. Шетелдік төреші ешқандай жағдайда алдын-ала келісімге бармайды. Оларға жергілікті реферилер мұндай сұрақпен жақындай алмайды да. Ал неліктен итальяндық дейсіздер ғой?! Себебі, Италия төрешілер мектебі — әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде. Мұны бәрі де мойындайды. Пьерлуиджи Коллина, Роберто Розетти сынды мамандардың өзі көп нәрседен хабар беріп тұрғандай. Егер Еуропадағы клубтық додалардың финалдарына назар аударсаңыз, көп жағдайда бас төрешінің Италиядан болғанын байқайсыз. Сондықтан, біздің таңдауымыз кездейсоқтық емес. Барлығын байыппен зерделедік. Италияның төрешілері жасыл алаңда ешкімге бағынбайтын, өз істерінің нағыз мамандары.
Сеньер Трефолиниге сұрақ:
- Неліктен төрешілік ғұмырыңызды 39 жасыңызда аяқтадыңыз?
- 39 жасымда халықаралық аренадағы төрешілік қызметімді аяқтауым керек болды. 10 жыл бойына Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы, А сериясы, ұлттық құрамалар деңгейіндегі кездесулерге төрелік етіппін. Рефериге қажет атақтардың көбіне қол жеткізіп, төрешіге қажет барлық тәжірибені жинақтаппын. Одан кейін маған Италия футбол федерациясының Төрешілер корпусына жұмыс істеу жайлы ұсыныс түсті. Өзімнің басқа қырымнан тексеріп көру мақсатында жаңа жұмысыма құлшына кірісіп кеттім. Енді мен өзімнің үйренгендерімді өзгелерге сіңірудемін.
- Италиялық төрешілердің жұмыстарына қандай баға бересіз?
- Италияның төрешілер мектебі соңғы жылдары тек биіктерден ғана көрінуде. Италияның реферилері тек А сериясы мен Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Бізде төрешілер институты бүгін де жоғары деңгейде жұмыс жасап тұр.
- Біріншіден, Қазақстанға қош келіпсіз дегім келеді. Енді сұрағым: ҚФФ-тағы жаңа қызметіңізде алдымен қандай мақсатарды көздейсіз?
- Мені жылы қабылдағандарыңызға алғыс білдіремін. Сұраққа келсем, Мен алдымен жұмыстың екі бағытта жүргізілгені дұрыс деп санаймын. Біріншісі — Қазақстанда қолда бар төрешілердің кәсіби деңгейін көтерген дұрыс. Екіншісі — жас төрешілерді баптау. Екінші бағытты қазірден бастап қолға алу керек. Өйткені, болашақты ойламаса болмайды. Әлбетте, жұмыс жасаудың үшінші бағыты да бар: төрешілердің физикалық дайындықтарын шыңдау қажет. Әйтпесе, төрешілік сапасы да нашар болады. Италияда бұл аспектіге барынша көңіл бөледі.
- Қазақша да, орысша да сөйлей алмайсыз. Жергілікті тілді білмеуіңіз отандық төрешілермен жұмыс жасауда кедергі келтірмей ме?
- Келісемін, аздап қиындықтар болатын шығар. Дегенмен, бүгінде шетелдің көптеген мамандары өзге елдерде қызмет атқарып жүр. Сондықтан, аудармашы мәселесіне келгенде кедергі болмауы тиіс деп ойлаймын. Менің қарамағымда екі аудармашы болады. Біреуі ағалшын, екіншісі итальян тілінің маманы.
- Қазақстанда жұмыс жасайтындығыңызда отбасыңыз қалай қабылдады?
- Бұл шешімді отбасыммен келісіп шештім ғой. Ешқандай проблема болған жоқ.
- Төрешілік ғұмырыңыздағы қай ойын есіңізде жақсы сақталып қалды?
- Мұндай ойындар көп. Жағымды әсер қалдырған да, жағымсыз әсермен аяқтаған да ойындарым аз емес. Дегенмен, Қазақстандағы жұмысым есімде бәрінен де жақсы сақталады деп үміттенемін.
- Италия — келісілген ойындармен аяусыз күресетін ел. Қазақстан футболындағы жемқорлықпен де солай күресуге дайынсыз ба?
- Италиядағы футбол дауының тым көп орын алғанына қарамастан, біздің төрешілер өз ісіне таза екенін дәлелдеді. Оның айғағы, халықаралық ойындарда қызмет атқаратын итальяндық төрешілердің саны өте көп. Сол үшін де кеудемді мақтаныш кернейді. Бүгінде Италияның төрешілер корпусы — келісілген ойындардың басты жауы. Әрдайым күресіп келеміз. Қазақстанда да футболдағы жемқорлықты жоюға бар күшімізді саламыз.
Хамитжанов мырзаға сұрақ:
- Сеньер Трефолинидің жанында шыңдалып, тәжірибе жинақтауы үшін көмекші ретінде отандық маманды қоясыздар ма, әлде көмекшіні де шеттен іздейсіздер ме?
- Иә, жақын арада Трефолиниге көмекші тағайындаймыз. Әлбетте, көмекші ретінде отандық маманды қоямыз.
Трефолони мырзаға сұрақ:
- Сіз Сиена қаласының өкілісіз. Осы қаланың командасына жанкүйерсіз бе?
- Бала кезімде «Сиенаның» жанкүйері болатынмын. Ол кезде команда 4-ші дивизионда өнер көрсететін. Ал Сиенаның кәсіпқой волейбол клубы сол кездің өзінде-ақ біраз биіктіктерді бағындырып тастаған болатын. А сериясында әлгі волейбол командасы керемет өнер көрсететін. Сондықтан, көбіне волейболға әуес едік.
- Жас төрешінің жоғары деңгейлі рефериге айналуы үшін қанша уақыт қажет?
- Италияда спорттық ғұмырын енді ғана бастаған төреші 16 дайындық кезеңінен өтуі керек. Содан кейін ғана халықаралық деңгейге көтеріле алады. Әр кезеңнен кейін төрешінің санаты өсе береді. Әлбетте, бұл процесттің барлығы ұзақ жылдарды қажет етеді. Дегенмен, егер арбитр дарынды болса, онда көп ұзамай-ақ халықаралық деңгейдегі ойындарға қызмет ете береді. Меніңше, Қазақстанда бұл процестті әлдеқайда жылдамдатуға болады. Мұнда жоғары деңгейлі төрешілерді дайындау оңайырақ көрінеді.
- Сеньор Трефолони, Қазақстанның елордасында «Астана» деген керемет баскетбол клубы бар. Өзіңіздің жерлесіңіз Маттео Боничиолли жаттықтырады. Онымен таныссыз ба?
- Мен онымен таныс емеспін. Бірақ «Астананың» елордадағы ойындарына міндетті түрде барып тұратын боламын. Боничиолли мырзамен аралас-құралас болып кетеміз деп үміттенемін.
- ФИФА енгізген жаңа өзгерістерді, техникалық жаңашылдықтарды Қазақстанда пайдалануға мүмкіндіктер бола ма?
- Менің дәл қазіргі мақсатым – білікті төрешілерді іріктеп, жас төрешілердің шеберліктерін шыңдау. Осыған байланысты ФИФА енгізген барлық техникалық жаңашылдықтарды мейлінше пайдалануға тырысамыз.
Фото: Измаил Бзаров