Маусымның үздік сұрмергенінің жүлдесі Евстафий Пехлеванидидің есімімен аталады!
Бүгін, 29 қазанда, отандық футболдың атақты ардагерлерінің бірі Евстафий Пехлеваниди 61 жасқа толды. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Евстафий Алкивиадовичті туған күнімен құттықтай отыра, оған зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейді.
Пехлеваниди Шымкент қаласында тбилисилік «Динамоның» сапында ойнаған Алкивиад Яковлевич Пехлеванидидің отбасында дүниеге келді. Евстафий бала кезінен футболға құмар болды, сол себепті уақыт өте келе ол шымкенттік «Металлург» командасында ойыншы мансабын бастады.
Пехлеванидидің жылдамдығы жоғары және қос аяқтан жойқын соққысы болды, сондықтан да оны ҚазКСР құрамасына шақыру туралы шешім ұзаққа созылмады. 1979 жылдың футбол маусымынан кейін Пехлеваниди 28 голмен команданың үздік сұрмергені атанып, «Қайрат» командасына шақырту алды. Ол «Пеха» деген лақап атымен бүкілодаққа танымал болды.
Пехлеваниди алматылық клуб сапында 100-ге жуық гол соқты, оның 69 КСРО жоғарғы лига аясында. Евстафий Алкивиадович 1986 жылдың 3 қыркүйегінде «Қайрат» сапында киевтік «Динамоға» ойынның 10 секундында нәтижелі соққы жасап, ең жылдам голдың авторы ретінде Одақ чемпионатының рекордын орнатты.
Ол КСРО чемпионатының жоғары дивизионында алматылық клубтың үздік сұрмергені болып табылады. 1984 жылы Пехлеваниди чемпионаттың үздік 33 футболшысының тізіміне енді. Кейін КСРО құрамасына шақырылды.
1989 жылы Евстафий Алкивиадович туған «Металлург» клубына оралып, 2 лига аясында голдарының санын 40 дейін жеткізді. Содан кейін ол Греция чемпионатына ауысып, жергілікті «Левадиакос» сапында үш маусымда өнер көрсетті.
2017 жылы Пехлеваниди есімі «Қайрат» футбол клубының академиясына берілді. 2020 жылы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Пехлеваниди 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы маусымның үздік сұрмергеніне Евстафий Пехлеванидидің есімін беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, ағымдағы маусымнан бастап аталмыш марапат Ефстафия Пехлеваниди жүлдесі деп аталады.