Мэлс Құшанов: «Каспий» негізгі құрамын сақтап қалды»
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтына сұхбат берген клуб директоры Мэлс Кұшанов қазір атқарылатын жұмыс туралы баяндап берді.
- Мэлс Амантайұлы, Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынынан қандай қорытынды жасадыңдар? Командада жаңа футболшылар бар ма?
- Әзірше ешбір футболшымен келісім-шартқа отырған жоқпыз. Ашығын айтсақ, біз команда көшбасшыларын қалдырдық. Ол Драмана Коне және Олег Пасеченко. Тағы команда сапында бірнеше ойыншылар байқауда жүр. Бірақ команданың негізі – жергілікті футбол мектебінің түлектері.
- Легионерлер де байқауда жүр ма?
- Иә. Алыс шетелден де, жақын елдерден де ойыншылар бар. Үлкен шығындарға ұшыраған жоқпыз, себебі негізгі ойыншыларды командамызда сақтап қалдық. Бірінші ОЖЖ Ақтауда өтті. Түркияда біз 14 күн бойы жұмыс істедік. Бәрі де жоспар бойынша өтті. Болгария және Грузия командаларымен бақылау ойындарын өткіздік.
- Бапкерлік штабта өзгерістер бар ма?
- Жоқ. Қайрат Айманов та, оның көмекшілері де өз жұмысын жалғастырады. Қысқа демалыстан кейін команда тағы да жиналып, Түркияға аттанбақ. ОЖЖ жиыны 18 ақпаннан 5 наурызына дейін созылады.
- Аймақта балалар және жасөспірімдер футболын дамыту үшін клуб қандай жұмыс атқарады?
- Былтырғы жылдың соңында ресми түрде Футбол орталығы ашылды. Оның ашылуында Қазақстан футбол федерациясының президенті де қатысты. Орталық регламент бойынша бұрыннан да өз жұмысын жүргізді. Өткен жылы ҚФФ өткізетін жарыстарда да қатыстық. Қазір ойыншыларымыз жасөспірімдер құрамаларына жиі шақыртылады. Жастар құрамасында да біздің түлегіміз бар. Ол - Мирас Түлиев. 1997 жылғы төрт ойыншысы негізгі командаға байқауға алынады. Тағы Қарақия ауданындағы Құрық ауылында кішкентай футбол стадионын аштық. Сонда балалар және жасөспірімдер арасында жарыстар өтеді.
- Сол стадионда негізгі команда да ойнай ма?
- Мүмкін бір-екі ойынды өткіземіз, бірақ біздің негізгі стадионымыз бар және соған қоса «Ақжайық» аренасы.
- Команда алдында жаңа маусымға мақсат қойылды ма?
- Ол үшінші ОЖЖ кейін белгілі болады. Сол уақытқа дейін біз команданың толық құрамын анықтаймыз. Қазір клуб өз жұмысын бірқалыпты жалғастырады. Ойыншылардың алдында қарыздар жоқ.