KZ
KZ RU
01 қазан 2013 17:53

Михаил Гурманның Василий Уткинге жауабы

01 қазан 2013 17:53
- Спорт журналисі ретінде Василий Уткинді өте қатты құрметтеймін. Ол - өз ісінің хас шебері, әккі маман. Дегенмен, меніңше, Василий Қазақстан футболының деңгейі қаншалықты өскенінен әзірге хабарсыз сияқты. Еурокубоктық додаларды айтайықшы, осы маусымда командаларымыз Белоруссияның БАТЭ-сі мен Болгарияның "Левскиі" сияқты Еуропаның азулы клубтарын сүріндірді. Бұған дейін Норвегияның "Русенборгы", Голландияның "АЗ" клубы, Түркияның "Галатасарайы" секілді алпауыттармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсеткенбіз. "Кәрі құрлықта" қарсылас шыдатпайтын Шотландияның "Селтигі" де биыл қазақ жерінен бастары салбырап қайтты. Қарағандының "Шахтері" биылғы еуродода бәсекесін сәтті бастап, Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Тіпті, өз тобынан суырылып алға шығатын мүмкіндіктері де бар. Жалпы, қазақстандықтармен ойнау оңай емес екенін жоғарыда атап өткен командалардың қай-қайсысы болса да растайды деп ойлаймын. Ал ел футболының деңгейі клубтарының халықаралық аренадағы жетістіктерімен өлшенетінін ескерсек, Қазақстан футболы дамып жатыр деуімізге толық негіз бар.
 
Алдағы уақытта Уткин мырзаны Қазақстанға шақырып, ел біріншілігінің аясындағы белді клубтарымыздың кездесуін тамашалауды ұсынамыз. Қазақстан футболының деңгейі қаншалықты өскеніне сол кезде көз жеткізетін болар. Шынында да біздің командаларда отандық шеберлерден бөлек, өз елдерінің ұлттық құрамаларында ойнап жүрген тәжірибелі легионерлер де жетерлік. Сондықтан, Қазақстан чемпионатын әлсіз деу дұрыс емес.