29 ақпан 2020 21:34
Михал Билек: «Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын»
29 ақпан 2020 21:34
«Астана» қызылордалық «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңіп, Қазақстан Суперкубогының иегері атанды. Ойын соңында елорда командасының бас бапкері Михал Билек журналистердің сұрақтарына жауап берді:
- Бүгін жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Маусымдағы алғашқы ойын болғандықтан, бізге қиын боларын түсінген едік. «Қайсар» жақсы ойын көрсетіп, екінші таймда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Өкінішке қарай, есепті еселейтін мүмкіндіктерімізді лайықты пайдалана алмадық. Біздің команда бұдан жақсы ойын көрсетуі тиіс.
- Бүгін Тигран Барсегян алаңда ерекше белсенді болды. Оның ойынына қандай баға бересіз?
- Тигран біздің команданың қатарын толықтырғанына қуаныштымын. Ол өте мықты ойыншы. Бүгінгі кездесу барысында ол бірнеше мәрте допты жоғалтып алып жатты. Алайда, ол өзін қатты көрсетуге тырысқандықтан болды деп ойлаймын. Оның сол аяғымен тамаша соққы бағыттай алатын, жылдамдығы жақсы, әрі бірге бір кез келген ойыншыға қарсы ойнай алатын артықшылығы бар. Бұл оның небәрі алғашқы ойыны. Ол алда өзін дәлелдейтін болады.
- Осы ойынға арнайы дайындық жасадыңыздар ма?
- Біз Түркиядан тура Қостанайға ұшып келіп, қарсыластың бірнеше ойынын талдап шықтық. Олардың құрамында көптеген өзгеріс болғандықтан, негізгі құрамға шығатын футболшыларды алдын ала болжау мүмкін болмады. Қарсылас команда екінші таймда өте жақсы ойын үлгісін көрсетті. Премьер-Лига ойындарында мықты қарсылас болмақ.
- Қостанайға ұшып келу барысында қиындықтар болды. Бұл команданың көңіл-күйіне қаншалықты әсер етті?
- Қостанайдағы ауа-райының қолайсыздығына байланысты Мәскеуде 11-12 сағат өткізуге тура келдік.
- Суперкубок аясындағы кездесу жабық манежде өткендігі туралы не айтасыз?
- Кез келген футболшы табиғи алаңда доп тепкісі келеді. Алайда, Қазақстандағы ауа-райының қолайсыздығы оған мүмкіндік бере бермейді.
- Команда бүгінгі ойында стандарттық жағдайдан гол соқты. Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында оған қаншалықты мән бердіңіздер?
- Біз стандарттық жағдайлармен жұмыс жасадық, алда оны әлі де жалғастыратын боламыз. Стандартты орындау барысында бірнеше нұсқа болуы керек.
Басқа жаңалықтар