KZ
KZ RU
20 ақпан 2012 16:00

Облыс әкімі «Шахтер» футболшыларымен кездесті

20 ақпан 2012 16:00

Кездесу облыс әкімшілігінің ғимаратында ұйымдастырылды. Өзінің алғы сөзінде облыс әкімі команданы өткен жылғы чемпиондықтарымен құттықтап, жаңа маусымда чемпиондық рухтарын көрсетуін тіледі. Соған байланысты "Шахтерға" былтырғы деңгейінен төмен түспей, керісінше одан да өрнекті ойын үлгісін көрсету керектігін атап өтті.

Әкімнің алғы сөзінен кейін сөз кезегін "Шахтердің" атқарушы директоры Ерден Халилин алып, команданың жаңа маусымға қаншалықты дайын екенін, қанда жүйеде дайындалып жүргенін айтып өтті.

Клуб жетекшісінің айтуынша, бүгінде "Шахтер" футболшыларында еш уайым жоқ, бәрі де жоспар бойынша өрбуде. Және де футболшылар болашаққа үлкен үмітпен қарауда. .

Бұдан кейін сөз кезегі команданың бас бапкері Виктор Кумыковқа тиіп, білікті маман маусым алдындағы жиындар мен командаға келген жаңа ойыншылар жөнінде айтып өтті.

— Өткен жылдың желтоқсанында, осы жылдың қаңтары мен ақпанында команда Түркиядан үш жиын өткізді. Жиындарда біз жоспар бойынша жұмыс жасап, біріншілікке тыңғылықты дайындалуға тырыстық. Ешқандай да оқыс жағдайлар болған жоқ. Жоспарлағандай барлық командалармен кездестік, - деді бас бапкер.

Сондай-ақ Виктор Кумыков жаңа маусымда "Шахтердің" қатысуымен өтетін барлық додаларда барын салуға уәде берді.

Ақыр соңында сөз кезегін команда капитаны Андрей Финоненко алып, жанкүйерлердің үмітін ақтауға тырысатынын айтты.

— Дәл қазір футболшылар мен бапкерлер арасында керемет түсіністік орнады. Қарымды команда жасақталды. Қарағандыда біз үшін талай жанкүйердің тақым қысып отырғандарын білеміз. Әлбетте 2012 жыл оңай болмайды. Бізді үлкен сынақтар күтіп тұр. Бірақ жанкүйерлер үмітін барынша ақтауға тырысамыз, - деп ағынан жарылды Андрей. 

Кездесу соңында Андрей Финонченко команданың атынан әкімге клубтың 7-ші нөмірлі жейдесі мен допты сыйға тартты.

Бұдан кейін әкім мен футболшылар естелікке суретке түсті.


shahter.kz