KZ
KZ RU
17 мамыр 2012 17:47

Олжас Абраев - 10-тур қорытындысы

17 мамыр 2012 17:47

Қостанайдың "Тобылы", Оралдың "Ақжайығы" және Қызылорданың "Қайсары" ғана қонақтарды резервтік алаңында қабылдауда. Қалған клубтардың барлығы да өз алаңындағы ойындарын негізгі стадионында өткізуде. Дегенмен, жақын уақытта барлық командаларымыз өз алаңына ауысады деген ойдамыз.

Атырауға арнайы барып, 10-тур аясындағы "Атырау" - "Қайсар" матчын тамашаладым. Сондай-ақ, жақында ғана қайта жөндеу жұмыстарынар өткен "Мұнайшы" стадионының шығыс трибунасының қауіпсіздігіне көз жеткіздім. Енді стадион әкімшілігі батыс трибунаны қолдарына алу керек. Бұл мәселе де жақын уақытта шешімін табады деген үміттеміз. 
Атырауда уәдені орындайтындықтары қуантты. Ал, мысалы, Шымкентте Қажымұқан аренасы әлі сол күйі жөндеу жүргізілмей тұр. Сол салғырттықтарының кесірінен Қазақстан футбол федерациясы Еуропа лигасын Шымкентте өткізуге тиым салуға мәжбүр болды. "Ордабасының" Шымкенттегі жанкүйерлеріне обал. Енді оларға еурододада командасына қолдау білдіру үшін Алматыға немесе Астанаға баруға тура келеді. Сондай-ақ, "Жетісу" футбол клубының да стадионына байланысты қандай шешім қабылданары әлі белгісіз. Еуропа лигасы Талдықорғанда өте ме, жоқ па — ол да жақын арада белгілі болады.

Талдықорғанның "Жетісуын" жеңген Қостанайдың "Тобылы" басты бәсекелестерінен ұзап кетті. Жетісулықтар қауіпті аймақтан шыға алар емес. Дегенмен, жаңа бапкердің арқасында футболшылары өздеріне деген сменімділікті бойларына қайта жинап, Еурокубокқа барынша дайын болады деген үміттеміз. Қазақстан жастар құрамасын жаттықтыратын Слободан Крчмаревичтің біліктілігіне күмән жоқ. Команданы тығырықтан алып шыға алады деген ойдамыз.

Биылғы маусымда алғаш рет өз стадионында ойын өткізген Қарағандының "Шахтері" бес жарым мың көрермен жинады. Көрермендер ойынға көңілдері толған шығар.  Турнир көшбасшысын "тағынан" тайдырып, сол орынға қарағандылықтардың өздері орналасты.

Алматының "Қайрат" Шымкенттің "Ордабасы" клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасты. Стадионға 9 000 көрермен жиналып, Орталық стадионның биылғы маусымдағы рекордын жаңартты.

Ал Мирослав Беранек бастаған "Астана" өз алаңында Қаскелеңнің "Сұңқарын" жеңе алмады. Биыл бірінші рет премьер-лигада өнер көрсетіп жатқан қаскелеңдіктердің мақсаттары зор. 

Тағы бір тең ойын Павлодарда тіркелді. Жергілікті "Ертіс" биылғы маусымның көшбасшыларының бірі "Таразды" қабылдады. Өкінішке қарай, "Ертістің" өз алаңындағы ойындарына уақыт өткен сайын адам аз жиналуда. Клуб әкімшілігіне жанкүйерлермен тығыз байланыс орнату керек. Бұл жайында біз бұған дейін де айтып өткенбіз. Бірақ, клуб басшылығы айтылған мәселелерді қолға алар емес.

Басшылығының жиі ауысуы Көкшетаудың "Оқжетпесіне" кері әсер етуде. Бұл жолы көкшеліктер "Ақтөбеден" ірі есеппен ұтылды. Әзірге "Оқжетпес" келесі жылы премьер-лигадан тыс қалудан үмітті басты команда. Дегенмен, аутсайдерді жеңген "Ақтөбе" де керемет ойын үлгісімен әзірге мақтана алмайды. Жергілікті жанкүйерлердің наразы болуының басты себебі де осы болу керек. Жанкүйерлердің қылықтарын Тәртіптік-бақылау комитеті қарастыратын болады. "Тобыл" футбол клубының бас бапкері Вячеслав Грозныйдың арызына сүйенсек, "Ақтөбе" жанкүйерлерінің бірі бас бапкерді таспен атыпты. Енді жанкүйерлердің бұл қылықтары алдағы уақытта кеңінен қарастырылатын болады. Егер жанкүйерлердің кінәсі анықталса, онда клубты өте қатаң жазалар күтіп тұр.

***
Өткен демалыста "Хабар" агенттігі және "Қазақстан" РТРК өкілдерімен кездестім. Кездесу барысында біріншіліктің матчтарын трансляциялау, трансляциялар санын ұлғайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Еурододаға түсетін командаларымыздың матчтарын көрсету мәселесі де қарастырылды. Әлбетте, қиыншылықтар бар. Бірақ жанкүйерлеріміз еурододаның матчтарын өө көздерімен көрулері керек. Жақын уақытта біз бұл мәселеге қайта ораламыз.
11 тур аясында "Ақтөбе" футбол клубы басшылығымен кездесуді жоспарлап отырмын. Сол кезде жанкүйерлер мәселесі де шет қалмайтын болады.